"Lada" жеткізер емес

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8848

Жыл басынан бері отандық 1187 автокөлік шетелге экспортталды.

"Lada" жеткізер емес

Бұл туралы Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы ("ҚазАвтоӨндіріс") хабарлады. 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларын қорытындылаған одақтың мәліметінше, сегіз айда 91,5 млрд теңгеге 11811 автокөлік өндірілген. Бұл қатарда жеңіл және жүк көліктерден бөлек, автобус, арнайы машиналар мен тіркемелер бар. Ел зауыттарында шығарылатын автокөлік көлемі былтырғы көрсеткіштен 3,2 есеге артқан.   

Жеңіл автокөлік өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 есеге ұлғайған. Сегіз айда елімізде 10355 жеңіл көлік құрастырылды.

Автобус техникасын өндіруде де серпіліс бар. Қаңтар-тамыз айларында 431 автобус құрастырылыпты. Осылайша биыл отандық автоөндірушілер былтырғы көрсеткішті 5 есеге ұлғайтты.

Арнайы автотехникаларды өндіру 4,4 есеге өсті. Сегіз айда барлығы 140 техника шығарылған. Өкінішке қарай жүк көліктерін өндіру 25%-ға қықсарыпты.

Тамыз айында қазақстандық кәсіпорындар 1893 арнайы техника құрастырған. Бұл өткен жылдың тамызындағы көрсеткіштен 2,8 есеге артық.

Жыл басынан бері отандық зауыттарда өндірілген 11367 техника өз иесін тауыпты. Бұл былтырғы көрсеткіштен 59%-ға көп. Қазақстан автоөндірісінің нарықтағы үлесі өткен жылғы 24%-дық межеден асып, 37,3%-ды құрады.

Қаңтар-тамыз айларында 1187 автокөлік шетелге экспортталған. Бұл – сала өндірісінің 10%-ы. Біздің көліктер Қытай, Ресей, Беларусь және Тәжікстан нарығына жеткізілген. Шетелге экспортталған автокөліктер ішінде "Lada"-ның шоқтығы биік. Шекара асып кеткен "темір тұлпарлардың" 83%-ы "Азия Авто" зауыты өндіретін "Lada"-ға тиесілі. Бұл машиналар Қытай Халық Республикасына экспортталған.

Сонымен қатар өткен сегіз айда 129 "Hyundai" жүк техникасы, 66 "JAC" жеңіл автокөлігі, 4 "SsangYong" автокөлігі шетелге жөнелтілген.

Қаңтар-тамыз айларында мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген автонесие қатысушыларына 935 автокөлік берілген. Бұл – жеңіл автокөліктерді сату үлесінің 10,3%-ы.

Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алфёровтің айтуынша, тамыз айы автоөндіріс үшін табысты өрілген.

"Тамыз – өндіріс көлемінің өсімі тіркелген жетінші ай. 2016 жылғы көрсеткіштеріміз тым төмен еді. Осы жылы былтырғы нәтижені 3,2 есеге арттырдық. Бұл – отандық автокөліктерге деген сұраныстың артқандығының көрінісі", – дейді Олег Алфёров.

Отандық зауыттар ішінде "Азия Авто"-ның алдына түсер ешкім жоқ. Сегіз айда бұл компания 7740 автокөлік сатқан. Бұл – отандық өндірістің 68%-ы. "СарыарқаАвтоӨндіріс" 2 492 техника құрастырған (жалпы өндірістегі үлесі - 22%). Одан кейінгі орындарға "КамАЗ-Инжиниринг" (361 техника, 3%), "Hyundai Trans Auto" ЖШС (273 техника; 2%), "АгромашХолдинг" АҚ (213 техника; 2%), "СемАЗ" ЖШС (165 техника; 1%) және  "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС (123 техника;1%) жайғасқан.

Ал жеңіл автокөліктер арасынан "Lada"-ның жұлдызы жанып тұр. Қаңтар-тамыз айларында "Lada" брендінің 5592-сі сатылған. Үздік бестікте "КIA" (1219), "Hyundai" (1050), "Chevrolet" (900) және "JAC" (489) брендтері бар. Сонымен қатар отандық кәсіпорындар ұсынған көлік түрлерінің ондығына "Ravon" (283), "SsangYong" (235), "Skoda" (169), "Peugeot" (124) және "Geely" (26) енген.

Жеңіл автокөліктерден "Lada" брендіне деген сұраныс жоғары. Сегіз айда "Lada 4x4" (2667), "Lada Granta" (1063) және "Lada Largus" (885) маркаларының өтімділігі жоғары болған. Қазақстандық танымал автокөлік түрлерінің қатарында "Hyundai Tucson" (466), "Lada Vesta" (425), "Hyundai Elantra" (421), "Chevrolet Cruze" (390), "JAC S3" (367), "KIA Optima" (338) және "Lada XRAY" (303) бар.

Автоөндірістің еліміздің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 91,5 млрд теңгені құраған. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 36,8%-ға көбейген. Автоөндіріс сегіз айдың қорытындысы бойынша фармацевтика мен жеңіл өнеркәсіпті артқа тастады. Отандық кәсіпорындардың негізгі капиталға салған инвестициясы да былтырғыдан көп. Өткен жылғы көрсеткіш 1,2 млрд теңге еді. Биылғы нәтиже – 3,5 млрд теңге.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу