"Мемлекеттің үлесі артқан сайын, жеке бизнес азая береді"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3032

Квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары бизнестің дамуын тежейді.

"Мемлекеттің үлесі артқан сайын, жеке бизнес азая береді" Фото: youtube.com

"Атамекен" палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов "Бизнестің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын заңнамалық қамтамасыз ету және бұл салада "Атамекен" палатасы мен үкіметтің өзара қызметі" тақырыбында өткен парламенттік тыңдауда 6 негізгі бағытты ұсынды.

Бизнесмендердің өтінішімен салық саласы бірінші орынға шыққанын атап өтті ол. Осыған байланысты салықтық реттеуді жетілдіріп, салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Абылай мырзаның пайымдауынша, салықтық шаралар инвестиция тартуға және өндірістік секторды дамытуға бағытталуы тиіс.

"Бұл мәселеде реттеуді жетілдіру қажет деп есептейміз. Әрине, барынша жеңілдету керек және мұнда бәтуаластық бар. Біз үкіметпен бірлесіп, осы жұмысқа кірісіп кеттік. Бұл жұмыстың қыр-сыры өте маңызды. Біз осы бағытта жұмыс істеп, күзде осы сұрақтарды парламент аясында шешу үшін жаздан бастап бұл мәселені заң шығарушылармен талқылайтын шығармыз", - деді ол.

Ендігі мәселе – еңбекақы қорына түсетін жүкті азайту мәселесі.

"Бүгінгі жүктің шамамен 40% еңбекақы қорына түседі және бұл бұлыңғыр аймақтан шығуды ынталандырмайды деп ойлаймыз, керісінше, еңбекақыны конвертпен беруді одан әрі дамытады. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Бізде бір жылдан кейін сүзекке айналатынын кеше қаржы министрі айтты, яғни түрлі салаға арналған түрлі жеңілдік түрлері пайда болады. Бүгінгі күні осы салаларға егжей-тегжейлі талдау жүргізу қажет. Біз басымдықтар мен ынталандырудың салықтық шараларын анықтауымыз керек, инвестиция тарту мен өндірістік секторды, біздің отандық экономика мен бизнес үшін басым секторларды дамытуға жұмыс істеуіміз керек", - деді Абылай Мырзахметов.

Сондай-ақ ШОБ секторын қайта реттеу мен ырықтандыру күтіліп отыр.

"Ең басты жұмыс – ауқымды тексеру жүргізу, мұндай міндетті мемлекет басшысы қойды", - деді Абылай мырза.

КҰП басқармасының төрағасы мәселе бизнестің барлық шығынын төмендетуде екенін баса айтты. Дәлірек айтсақ, статистикалық есептілік, жұмыспен қамту бойынша, салық, барлық монополис-кәсіпорындармен өзара қарым-қатынас, мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділік, индустриялық аймақтар және т.б.

"Яғни бизнес түрлі органдармен бетпе-бет келетін алаң толық тексеруден өткізілуі тиіс, рәсімдер оңтайландырылып, шығындар барынша төмендетілуі керек", - деді ол.

Ендігі бір күрделі мәселе мемлекеттік экономикадағы үлесін төмендету болып қала бермек.

"Мемлекеттің үлесі жоғары болған сайын, ондағы жекеменшік бизнестің үлесі аз болады, біз бұған сенімдіміз. Мемлекет басшысы баса айтқаны, жекеменшік бизнеске басымдық беру екені түсінікті. Бұл жұмыс орындалады деп күтеміз. Сондай-ақ бұл мәселеде айтқымыз келетіні – мемлекет пен квазимемлекеттік кәсіпорындар айналыса алатын шаруашылық түрлері 600 саладан асады. 2015 жылдың соңында ол 2 есеге қысқарды – қазір 300-ден артық. Бірақ біз осы жұмысты жалғастыру керек деп ойлаймыз, KPI-ды 100-ден асырмау керек және дамыған елдердің қағидаларына қарау керек. Біз осы "Сары парақ" ережелерін қабылдадық және осы "Сары парақтардың" негізінде үкімет тексеру жүргізуі керек. Осы 300 саланың 270-нен артығымен квазимемлекеттік сектор айналысады. Бізде, өкінішке орай, осы квазимемлекеттік сектор бизнестің дамуын қатты тежеп отыр", - деді ол.

"Біз кеше ғана кеңес өткіздік. Оларда оқыту орталықтары да, тамақтану орындары да бар, бірақ ұлттық компания еншілес құрылымын ашып, ол тамақтандыру, құрылыс, оқыту, күзет қызметтерін көрсетуге жол бермеу керек деп ойлаймын. Осының барлығын жекеменшік бизнес те істей алады және біз осындай құрылымдарды көбірек ашқан сайын, ол бизнестің орнын тартып алып отырады. Қарапайым мысал келтірейік, "Самұрық-Қазына" аясындағы корпоративті университеттің айналымы 8 млрд теңге! Өз-өзін оқытады, ал аймақтардағы КҰП мүшелік салымдарының айналымы – жылына 5,5 млрд теңге, осыған 2 мың адам өмір сүріп, жұмыс істейді. Салыстыруға болады – оларда бір ғана құрылым, бірақ қанша жекеменшік бизнесті дамытуға болар еді", - деп мысал келтірді Абылай Мырзахметов.

Қаржының қолжетімді болуы да негізгі мәселе.

"Ұлттық банктің мандатын өзгертуі маңызды болып отыр. Себебі мәселе тек өткізу нарығына ғана емес, сонымен бірге қаржыландыруға қатысты. Ауылдық жерлерде бұл "ҚазАгромен" байланысты шағын несие және сала, ал орта және ірі бизнес үшін бұл банктік несиелердің қолжетімділігі. Бізге, әрине, қор нарығын және капитал нарығын іске қосу керек. Өкінішке қарай, ол басталған қалпында қалып отыр. Оны зейнетақы қоры жеке компаниялардың басшылығында болған кезде іске қосқанбыз. Иә, ол кезде де кемшіліктер болды. Өкінішке орай, бұдан бас тартып мемлекет басқаруына бердік. Енді басқа қиындыққа тап болдық. Бүгінгі күні қор нарығы іске қосылмады. Ал орта және ірі бизнес үшін бұл өте маңызды сала", - деді ол.

Ол Ұлттық банк енді экономикалық өсу мәселесімен де айналысуы керек дейді.

"Мемлекет басшысы жолдауында Ұлттық банк тек инфляциялық шектеумен ғана емес, сонымен бірге экономикалық өсу мәселесімен де айналысуы керек деп айтып өтті. Біз мұны маңызды деп есептейміз. Біз мемлекет басшысының ұсынысымен сенат Ұлттық банк басшысын тағайындауға келісім беретінін білеміз, осы талқылаудың қорытындысы бойынша сенаторлар банк жұмысын бақылауға алады. Өйткені капиталдың қолжетімді болуы өте маңызды. Бұл жерде тексеріс керек. Әрине, оңай шаруа еместігін айту оңай. Ұлттық банк басшылығы білікті мамандардан тұрады, бірақ соған қарамастан, бізге алға қарай нық қадам жасау керек, яғни базалық мөлшерлемені төмендетіп, соның арқасында несиені қолжетімді ету керек", – деді Абылай Мырзахметов.

Сонымен қоса, ол қоғамның "БЖЗҚ" АҚ ақшаларына қатысты алаңдаушылығы бар екенін еске салып өтті.

"Егер керек болса, шенеуніктерді тарту керек, бірақ бақылау күшейтілуі керек деп ойлаймыз. Зейнетақы қорын мемлекет басқаруына бергендегі сияқты қателіктерді қайталамауымыз керек, қоғамдық бақылау, реттеуші бақылауын күшейту арқылы зейнетақы қорының ақшасын басқаруды жеке компанияларға беру керек деп ойлаймын. Заң жүзінде реттеуге болады, бірақ қандай талап бойынша (БЖЗҚ қаражатын салу – автор еск.) және осы арқылы қор нарығын, капиталдардың қолжетімділігін іске қосу керек", – деді ол.

Сонымен бірге "Атамекен" барлық даму институтына және ведомствоаралық мекемелерге толық тексеріс жасап, 2018 жылға қарай мемлекеттің қатысумен жұмыс істейтін ұйымдар үшін жұмыс түрін 100-ге дейін қысқартып, КҰП өкілдерін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ және "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-тың жобалық кеңсе құрамына қосуды ұсынып отыр.

Мемлекеттік – жеке әріптестікті дамыту мәселесін айтар болсақ, онда Абылай Мырзахметовтің ойынша, ол жерде бірқатар күрделі мәселе бар. Ол ұзақмерзімді тапсырыс жүйесінің болмауы, мемлекет төлейтін өтемақының ашық болмауы, МЖӘ-нің шағын түрлері үшін қарапайым механизмнің болмауы.

"МЖӘ жобаларын мақұлдау рәсімін барынша жеңілдету, бірінші кезекте, МЖӘ-нің шағын түрлері үшін жеңілдету керек. Ұлттық экономика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, МЖӘ жобаларын есепке алуды орталықтандыруды реттеу керек. МЖӘ саласындағы заңды үйлестіру мен оңтайландыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. МЖӘ жобаларының сараптамасын қаржылық институттарға беру керек", – дейді Абылай Мырзахметов.

Тағы бір мәселе бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру.

"Бұл жерде мемлекеттік қолдау шараларының барлығына сараптама жасау керек деп есептейміз", – дейді ол.

Соңғы мәселе нарықтық ақпаратқа қол жеткізу.

"Ақпарат заманында бизнеске апараттың қолжетімді болуы өте маңызды. Бұл үкіметтің бизнес үшін "бір терезесі". Біз оны қазір дайындап қойдық. Бизнеске ақпарды "бір терезе" арқылы алу тиімді болу керек. Бұл – халыққа қызмет көрсету орталықтары, бірақ бизнес үшін. Қазіргі уақытта ХҚО-ның жақсы жұмыс істейтінін көріп отырмыз, халыққа да ыңғайлы. 26 ХҚО-ны құрдық, инфрақұрылымды жасадық. Біз барлық ресурсты біріктіреміз, автоматтандырамыз".

Оның айтуынша, Маңғыстау облысында әкімдіктің қолдауымен тиісті жұмыс жасалыпты.

"Салықтық, кедендік болсын, яғни бизнес бірде-бір мемлекеттік мекемеге бармайды. Электронды арналар арқылы хабарламалар келіп тұрады – ал біздің сарапшылар оны бақылауда ұстап отырады. Кәсіпкер үйіне келеді де, барлық қызметті пайдалана алады", – дейді Абылай Мырзахметов.

Нарықтар туралы ақпаратпен В2В түрінде қамтамасыз ету де ұсынылып отыр.

"Біз қарап шықтық – көршілес жатқан елдердің азық-түлікке сұранысы 140 млрд доллар, бұл сан өзгеруі мүмкін, бірақ 100 млрд-тан артық екені анық. Олар Қытай, Ресей, Иран. 100 млрд-тан асады. Егер біз осы көлемнің 5%-ын экспорттайтын болсақ, ет, қайта өңдеу, жемшөп, майлы дақылдар секілді біз дамыта алатын 5 позиция бар, онда ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығы көлемін 2 есеге ұлғайтамыз. Бұл жерде қызмет жасауға өте үлкен мүмкіндік бар", – деді ол.

"Мемлекеттің өз ішінде секторлардан кету керек, бизнеске алаңдарды босату қажет. Мемлекет ілгерлетіп отырса да жеткілікті әрі барлық ел, трансұлттық компаниялар дәл солай жасайды, экспорттаушылардың барлығы мемлекеттік қолдауды пайдаланады", – дейді Абылай Мырзахметов.

Алайда экспортты дамытуда қол байлайтын мәселелер бар. Дәлірек айтсақ, Қытайға экспорттық әлеуеті зор бірқатар өнімге, оның ішінде ет және сүт өнімдеріне келісілген рұқсатнама құжат жоқ; Қытайға бидай, ұн және күріш тасымалдауға импорттық квота алған ҚХР-дың кәсіпорындары туралы ақпарат мардымсыз; қытайлық кәсіпкерлердің адал кәсіп жүргізіп отырғанын растайтын тетік жоқ және тағысын-тағы.

Осыған байланысты КҰП басымдық берілген тауар топтары кестесін жасауды ұсынып отыр. Ол бойынша еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі ҚХР-мен арадағы кедергіні жояды. Ұлттық экономика министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігі ҚХР-дың коммерция министрлігінен Қытайға бидай, ұн және күріш тасымалдауға импорттық квота алған сол елдің кәсіпорындары туралы мәлімет алып, онымен КҰП мүшелерін құлағдар етіп отыруы керек. Сондай-ақ ұлттық салалық стандарттарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, В2В алаңын құру керек. Ол экспорттық сұранысты жылдам іздеп табуға көмектеседі.

КҰП-тың басқарма төрағасы жалған кәсіпкерлік мәселесіне де тоқталып өтті.

"Бұл бап биылғы жылы тәмам болады деп сенемін. Өйткені ол жұмысты маған дейінгілер, мінеки, Азат Тұрлыбекұлы бастаған, сондықтан оған нүкте қоятын шығармыз. Себебі ол тек қылмыстық сипатқа ғана емес, бизнес үшін құбыжық болып көрінетін – философиялық мәнге де ие", – деді ол.

Дегенмен ол түрлі саланы бақылау мен қадағалауды өз жұмысын өзі реттейтін мекемелерге тапсыру қажет деп пайымдайды.

"Стандарттар мен техникалық регламенттерге зор мән берген жөн. Соңғысының импортты алмастыруға өте-мөте байланысы бар. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ең ірі экономика – Американың өзі ақылға сыятындай қолдау жасау керегін айтып отыр. Импортты алмастыру үшін салаларды таңдадық. Біз 12 трлн-ға сатып аламыз. Бұл екі елдің бюджетіне тең. Біздің нақты тәсілдеріміз бар. Ұзақмерзімді келісімшарттар қолда бар тетіктер арқылы мемлекетті қамтамасыз етуге тиіс", – дейді Абылай Мырзахметов.

Қазіргі таңда салалар бойынша даму бағдарламасы, сатып алу жоспары бойынша транспарентті ақпарат, орталықтандырылған сатып алу механизмі жоқ, сондай-ақ жергілікті өнімді дамытуға жүйе құраушы кәсіпорындар (ЖҚК) тартылмайды, отандық тауар өндірушілерде (ОТӨ) off-take келісімшарттар туралы түсінік, мемлекеттік сатып алу жүргізу барысында халықаралық міндеттер жоқтың қасы.

Осығай орай КҰП дамудың салалар бойынша даму бағдарламасын әзірлеуді, ЖҚК және ОТӨ арасында жұмыс бағдарламасын бекіте отырып келісім жасауды, ОТӨ-нің жүктемесін off-take келісімшарттарын жасау арқылы арттыруды, индустриялық сертификат әзірлеп, енгізуді, сонымен қатар білікті ықтимал жеткізушілердің тізімі аясында тауар, жұмыс және қызметтің қатарын кеңейтуді ұсынып отыр.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу