"Менің жалақыма алаңдамай-ақ қойсаңыздар болады"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3363

Қайрат Келімбетов АХҚО-ның тұсауы желтоқсаннан кешікпей кесілетініне уәде берді.

"Менің жалақыма алаңдамай-ақ қойсаңыздар болады"

"ЭКСПО-2017" көрмесінің аяқталғанына біраз болса да, бұл қаржы орталығы әлі күнге іске кіріскен жоқ, тіпті оның халықаралық тіркеу-регистрациясы да кейінге – биылғы маусымнан желтоқсанға қалдырылыпты.  

"Біз АХҚО базасында халықаралық визалық орталық та ашпақшымыз. Оны өзара "экспат-орталық" деген жұмысшы атаумен атаймыз. Ол жерде шетелден келген мамандарды визалық қолдау, тіркеу, салық салу және басқа да саналуан мәселелер шешіледі. Жалпы, бұл орталықты құру – ұзақмерзімді бастама болғандықтан, біз бұған жүйелі түрде келмекпіз. Дубай және Сингапур тәжірибесі әбден зеределенді", – деді Қайрат Келімбетов.

Бұл жерде жаңа құрылымдардың саны ары қарай да ұлғая бермек екен. АҚХО басқарушысы Астана әкімдігімен және үкімет институттарымен бірлесіп, қаржылық-техникалық хаб және "диждитал-офис" құруды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Мұның сыртында ол "жасыл" қаржыландыруды дамыту саласына да құлаш ұрып көретіндерін мәлім етті. Сондай-ақ "Астана" қаржы орталығының қызмет аясына "қоқыстарды, көлікті және сумен жабдықтауды қаржылық басқару" ісі кіретінін хабарлады. Бірақ мұның нені білдіретінін ашып айтпады. Бұл бағытта жеке жұмыс тобы құрылып, істі бастап жатыр екен. Ненің не екенін солар анықтайтын болса керек.

АХҚО аясында "британ құқығымен" жұмыс істейтін және тек ағылшын тілін пайдаланатын жеке сот пен арбитраждық орталық құрылып, 2018 жылдан бастап жұмыс істейтін көрінеді. Айтқандай, Қайрат Келімбетов ол сотқа тек шетелдік судьялар ғана қызметке тартылатынын жеткізді.

"Бұл ретте үміткер судья британ құқығы бойынша он-он бес жыл жұмыс тәжірибесі болуға тиіс. Біздің мамандарда ондай тәжірибенің болуы неғайбыл. Демек судьялар шетелден шақырылады", – деді АХҚО басқарушысы.

Осы тұста аталған қаржы орталығынан басқа аумақтағы Қазақстанда сот жүйесі "континенталдық (еуропалық) құқық" жүйесінде жұмыс жасайтынын айта кеткен жөн. Унитарлы мемлекетте АҚХО-ның ағылшындық соты бұл жүйеге кереғар келмеуі үшін биыл Конституцияға өзгерістер енгізілгені де белгілі.

Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері сарапшылар арасында "Астана" халықаралық қаржы орталығының офшорлық аймаққа айналатындығы туралы пікір барлығын алға тарта келе, бұл тұжырымның қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады. Себебі орталық аясында жұмыс жасайтын компаниялар біраз салықтан босатылатын көрінеді. 

Бұған жауап ретінде Қайрат Келімбетов офшордан қорықпауға шақырды.

"Кейбір сарапшылар ортасында "офшор" сөзінің астарынан теріс ниеттерді іздеу кең таралған. Әлемде офшордың әралуан түрлері бар. "Лондон-Сити" дүниежүзіндегі бірінші офшор болды. Ол халықаралық алаңдар бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайтын жерге айналды. Бізге негізінен "микс-шор" деген сөз көбірек ұнайды. Неге? Себебі офшор дегенде айқын емес қызмет көзге елестейді. Бірақ Қазақстан жаһандық терроризммен және заңсыз қаржыны жылыстатумен күрес бастамаларына қосылған, біз де соны жақтаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда "Астана" ХҚО өте қатаң режим қолданылатын Сингапурдың ұстанымын пайдаланатын болады", – деді Қайрат Нематұлы.

Қаржылық орталық толыққанды іске кіріспесе де, оның басшысы мен қаптаған құрылымдарындағы басқарушылар һәм қызметкерлер еңбекақы алып отырғаны мәлім. Осыған орай журналистер бұлардың қанша жалақы алатынын білуді қалады. АХҚО басқарушысына сенсек, басшыларының жалақысы 1 млн-ға жетпейді екен.

"Өзімнің жалақыма келсем, мен АХҚО кеңесінің төрағасы болып табыламын. Қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес, біздің жалақымыз "Бәйтерек" холдингі, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорындағыдан жоғары бола алмайды. Тіпті төмен деуге де болады. Биыл бізге ешқандай сыйақы, бонус төленбейді. Сондықтан менің жалақыма алаңдамай-ақ қойсаңыздар болады", – деп жалтара жауап қайырды Қайрат Келімбетов.

Әрине мұндай жауап журналистерді қанағаттандырмады, сондықтан олар сомасын нақтылауын табандай сұрады. Сонда да орталық басқарушысы нақты санды атамады: "АХҚО-да әртүрлі лауазымдарға қарай жалақы да әртүрлі, бірақ миллион теңгеге жетпейді", – деді ол. 

Қайрат Келімбетов бұрынғы ЕХРО кешені болашақта "криптоалқапқа" айналатынын болжады. 

"Біз ЕХРО-ның бүкіл аумағы өзіндік бір криптоалқапқа, криптоайлаққа айналады деп тұспалдап отырмыз. Бүкіл әлемде қазір бұған деген қызығушылық үлкен болып тұр. Бір орталық банктер криптовалюталарды қолдануды белсенді жақтайды, басқасы оны мұқият қадағалап отыр. Мәселен АҚШ пен Сингапур криптоэкономиканы дәстүрлі қаржылық саламен теңестіруді қалап отыр. Швейцария да бұл бағытты ынталандыруда. Жапонияда кейбір криптовалюталар төлем құралы ретінде қолдау тапты. "Астана" қаржы орталығы да криптовалюталар толқынында болады. Бірақ басқа жағынан алғанда, біз қаржылық тұрақтылық, қаржылық реттеу мәселелеріне де жауап береміз!", – деп екіұшты жауап берді ол.

Қайрат Келімбетов "Астана" халықаралық қаржы орталығының халықаралық ресми тұсаукесерін биылғы желтоқсаннан кешіктірмей өткізуге уәде етті. Оның өзі АХҚО-ның басқарушысы болып, 2015 жылдың желтоқсанында тағайындалған болатын.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу