"Нұрлы жер": төрт бағыт толық қамтылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7130

"Бәйтерек" ҰБХ өкілдері "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 2017 жылғы жоспар толық орындалды деп есеп берді.

"Нұрлы жер": төрт бағыт толық қамтылды

"2017 жылға дейін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы – "Бәйтерек Девелопмент" жеке тұрғын үй құрылысын салушылардың инвесторы болып келген еді. Жеке компаниялар "Нұрлы жер" бағдарламасының шарттарына сәйкес, тұрғын үй құрылысымен айналысып, оны Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына беріп отырды. Ал қазір жүйе мүлдем өзгерген. Мемлекеттік бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізіліп, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Бәйтерек" холдингі "Нұрлы жер" аясында тұрғын үй салатын жеке компанияларды тікелей инвестицияламайтын болды. Осылайша мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға өтеді. Олар құрылысты салушыларды анықтау, жобаларды іріктеу секілді қызметтерді атқарады. Қаржы екі жылға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар қаржыны облигация түрінде шығарады. Ал оны "Бәйтерек" холдингі сатып алады", – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарушы директоры Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, 2017 жылы жергілікті атқарушы органдардан 71,9 млрд теңгенің облигациясын сатып алу көзделген. Осылайша, әкімдіктерден жоспарланған соманың облигациясы толықтай сатып алынған. Бұл жоспар 100% орындалды деген сөз.

"Енді жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде тұрғын үй құрылысымен айналысады. Кейін оны Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына үлестіреді. Осылайша, холдингтің қаржысы қайтарылады", – деп нақтылады Қайырбек Өскенбаев.    

"Нұрлы жер" бағдарламасының негізгі операторы болып табылатын "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ  бағдарламадағы негізгі бес бағыттың төртеуін жүзеге асырады екен. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй салу, бұған дейін қабылданған бағдарламалар ("Нұрлы жол", "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарамасы") бойынша құрылысты аяқтау, халыққа арналған ипотеканың қолжетімділігін арттыру және жеке құрылыс салушыларды құрылысқа ынталандыру.

Қайырбек Өскенбаевтің сөзінше, холдинг "Нұрлы жер" бағдарламасына сәйкес, жоспарланған барлық индикаторға қол жеткізген.

"Жыл басында Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі бойынша салымшылардың саны шамамен 840 мыңды құраған еді. Ал қазір 1 млн 83 мың келісімшартқа жетті. Жинақталған сома – 498 млрд теңге. Келісімшарттардың 32 мыңында құрылысы аяқталған тұрғын үйлерді сатып алуға жеткілікті 30 пайыздық жинақ бар. Бұл шамамен 127 млрд теңге. Биыл 181 млрд теңгеге қарыз беру жоспарланған еді. Нақты дерекке сүйенсек, жалпы сомасы 271 млрд теңгеге 39 мың қарыз берілді. Яғни жылдық жоспар 150%-ға орындалды", – деді Қайырбек Өскенбаев.

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарушы директорының сөзінше, Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде бизнес-процестерді оңтайландыру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде келісімшарттарды рәсімдеу жеңілдетілді. Бұған дейін бір тәулікте шамамен мыңға жуық келісімшарт рәсімделсе, қазір бұл көрсеткіш 2,5 мыңға дейін артқан.

"2017 жылы ипотекаға берілген әр теңгенің төрттен үшін Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынды. Бұл берілген ипотеканың – 75%-ы", – деді Қайырбек Өскенбаев.

"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, биыл банк 145 үйді қабылдаған.  Бұл дегеніңіз – 8 672 пәтер.

"Қазіргі уақытқа дейін 4 мың пәтер салымшыларға үлестірілді. Жыл соңына дейін ел бойынша тағы 52 үй пайдалануға берілуі мүмкін.  Бұл – 4 879 пәтер. Өкінішке қарай, мұның бәрін жыл соңына дейін таратып үлгермейміз. Пәтерлердің құжаттарын әзірлеп, келісімдерді рәсімдеу секілді жұмыстар бар. Оның үстіне салымшылар әрбір пәтерді қабылдап алуға тиіс. Осының бәріне біршама уақыт керек", – деді Ләззат Ибрагимова.

Холдингтің басқарушы директорының айтуынша, бұған дейін қабылданған тұрғын үй құрылысы бағдарламалары ("Нұрлы жол", "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарамасы") бойынша 554,3 мың шаршы метр үйді беру жоспарланған. Ал биыл жоспар артығымен орындалып, 560,1 мың шаршы метр үй (9 637 пәтер) тапсырылған.

"Халыққа ипотеканың қолжетімділігін арттыру бағытында биыл жаңа баспана сатып алу үшін екінші деңгейлі банктер ұсынатын ипотекалық қарыздарды субсидиялау тетігі іске қосылды. Қаржы операторы ретінде Қазақстанның ипотекалық компаниясы бекітілді. Ол ипотеканың 16%-ынан жылдық 6%-ға дейінгі көлемін субсидиялайды. Нәтижесінде тұтынушы үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 10% пайыздан аспайды", – деді Қайырбек Өскенбаев.  

Деректерге сүйенсек, осы жылы 15 млрд теңгеге 1 мың ипотекалық қарызды субсидиялау жоспарланған. Ал 2017-2018 жылдары 120 млрд теңгеге 8 мың ипотекалық қарыз субсидияланбақ.

"Жеке құрылыс салушыларды құрылысқа ынталандыру бағыты шеңберінде екінші деңгейлі банктерге құрылыс компанияларынан 64,4 млрд теңгеге 42 тапсырыс келіп түсті. Кредиттерді субсидиялаудың жылдық жоспары 15 млрд теңге еді. Дегенмен өңірлік үйлестіру кеңестері 28,6 млрд теңгеге 20 жобаны мақұлдады. Бұл ретте "Даму" қоры жалпы сомасы 26,6 млрд теңге болатын 14 жоба бойынша субсидиялау шартына қол қойды. Осылайша, 2017 жылға арналған жеке құрылыс салушылардың несиелерін субсидиялау жоспары толық көлемде орындалды", – деді "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарушы директоры.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу