"Ресурсың шектеулі болса, тиімді нәрсені ойлап табуға тура келеді"

13681

Павлодарлық бизнесмен Михаил Новоселов кәсіпкерлердің жаңа буыны жайында әңгімеледі.

"Ресурсың шектеулі болса, тиімді нәрсені ойлап табуға тура келеді"

Отызға жаңа толған жас жігіттің қонақ күту саласындағы бизнесті жүргізуде тоғыз жылдық тәжірибесі бар, сонымен бірге оның Екатеринбург қаласындағы гүл студиясы да табысты болып отыр. Ал осы жылдың көктемінде Майямиде оқыту курстарын өткізуді жоспарлап отыр.

- Осынша пысық жас жігіт қай жерден шыққан?

- Павлодардағы қарапайым қатардағы мектепті үздік бітірдім, содан кейін мемлекеттік университеттің "аударма ісі" факультетін тәмамдадым. Бірінші курста оқып жүрген кезден бастап терезесі жоқ жертөледе орналасқан тұрмыстық техника сататын дүкенде кеңесші-сатушы болып жұмыс істей бастадым. Менің құрдастарым суға түсіп, жағажайда демалып көңіл көтеріп жатқанда, мен жертөледе тер төгіп жүрдім. Сол жерде ең алғашқы тәжірибемді алып, тауарды қалай сату керек, адамдармен қалай жұмыс істеу керектігін, қандай ақпар тауарды сатуға әсер ететінін үйреніп білдім. Мұнымен қоймай, кешке қарай клубтарда жұмыс істеп ақша таптым. Музыка таңдап, музыка жазумен айналыстым, диджейдің кәсібін меңгеріп, осы саланы меңгеруге кеттім. Мұның барлығын қатар алып жүрдім. Содан кейін арт-директор болып басқа жобаға кеттім. Сонымен қатар өз бизнесімді ашуға тырыстым.

- Үлгі аларлық адам болды ма?

- Менің ата-анам тиісті білімі болмаса да, бизнеспен айналысты. Анам – мұғалім, әкем – көлік механигі. Күндердің бірінде олар гүл сату бизнесімен айналысуға бел буды, мен мектепте оқып жүрген кезден бастап оларға көмектесе бастадым. Гүл сату бизнесі деген дардай аты болғанымен, шындығына келгенде бұл павильон ғана болды. Менің міндетім су тасып, гүлдің суын жаңарту болатын. Бұл бизнес сырттай ғана тамаша. Ал қиындығы шаш етектен. Гүл бір апта бойы әдемі болып тұруы үшін бар күшті салу керек, өйткені гүл Голландиядан Омскіге жеткізіледі. Әкем гүлдің жаңа партиясын әкелу үшін аптасына бір рет жолға шығатын. Ақша қарызға алынғандықтан, гүлдің әрбір талын сақтау керек болды. Олардың осы әрекеті маған үлгі болды. Осының арқасында жұмысты жаныңмен қалап істеуді үйрендім.

- Сіз жобаларға қатыса жүріп, өз бизнесіңізді ашқыңыз келгенін айттыңыз. Қандай бизнес аштыңыз?

- Өтірік мақтанбай-ақ қояйын, менің тәжірибемде бес жоба болды. Бірақ оларды іске асыруға тәжірибе мен қаражат жетпеді.

- Мысалы?

- Chocolife деген жеңілдіктер ұсынатын компания бар. Сіз сол жерден қандай да бір қызмет түріне керемет жеңілдік ала аласыз. Бұл компания – Қазақстандағы ірі холдингтердің бірі. Идеяның бәрі америкалық Groupon деген компаниядан басталды. Ал біз бұл жобаны шатаспасам 2007 жылы қолға ала бастадық. Мен ол кезде мұны Павлодарда істеудің қажеті жоқ екенін түсінбедім. Сонда да жұмыс істеу жүйесін құрып, адамдармен келісіп, көптеген дүкенде жеңілдік беретін пластик карталар шығарылды.

- Бұл деген керемет үлкен жұмыс қой!

- Айтпаңыз. Қазір ойлап отырсам, мұның барлығына қалай күшім жеткеніне таң қаламын. Сөзімнің дәлелі ретінде айтарым, қала дүкендерінің бірінде әлі күнге дейін менің "Жас-Карт" атты плакатым ілініп тұр. Қалай істегенімізді білмеймін, әйтеуір, сол кезде бұл карталарды жарты миллионға саттық.

- Ең болмағанда сол ақшаны қайтару мүмкін болды ма?

- Иә, бірақ жұмсап жібердім. Осы жобаны іске асыру үшін анама 600 мың теңге несие алдырып, оны екі жыл бойы төледім. Жас болсам да ақша таба білдім. Бірақ жинау қолдан келмеді. Жастығым бар, ақша үнемі керек.

- Сіз Павлодар үшін карталық жүйе тиімсіз болды дедіңіз. Жұмыс істеуге қаланың шағындығы әсер етті ме?

- Иә. Мен бұл істі бастаған кезде нақты бір нарықтың, көлемнің керек болатынын түсінбедім. Бір қызығы, қандайда бір желілік дүкендермен келісім жасадық. Ешқандай тосқауыл болмады, мен ойлағанымды іске асыру үшін барлық мүмкіндікті қолдандым. Егер маған банктің немесе қандайда бір компанияның басшысымен кездесу керек болса, міндетті түрде ол ойымды іске асыратынмын. Бұған кезінде көңілді тапқырлыр клубына қатысқанымның пайдасы тиді. Көңілді тапқырлар клубына көп жыл қатыстым, ол адамның халық алдында шығу қорқынышын жеңуді, адамдармен тіл табысуды үйретуге үлкен көмек болды. ТМД-да көп елде өнер көрсеттік. Қазірдің өзінде павлодарлық әділ қазылар тобында бармын.

- Әлі күнге дейін қызық па?

- Мен – Александр Васильевич Сорокамен доспын. Ол өңірлік лиганы дайындайды, сол кісі кезінде мені көп нәрсеге үйретті. Менің өмірімде үлкен орын алатын бірнеше адам бар. Олар маған өмірлік сабақ берді. Мен ақылды болып туа қалған жоқпын. Адам ретінде қалыптасуыма өз үлесін қосқан осындай ұстаздарым болды.

- Жақсы тәлімгер үйретіп қана қойды ма? Әлде өзіңіз олардың үйреткенінен бірдеңе алдыңыз ба?

- Шындығында солай. Мен өзімді үйреткен адамдардан мен сияқты білім алып, ештеңе өндіре алмағандарды да көрдім.

- Екатеринбург. Өміріңіздің бұл кезеңі несімен есте қалды?

- Павлодарда арт-директор болып жұмыс істегеннен кейін, әр бизнестің басын шалып көрдім. Бес жобаны іске асыра алмай, өзім қарызға баттым. Алайда кезінде айына мыңдаған доллар тауып, жаратқан кезім болғантын.

- Анаңыз ақша жинау керек екенін үйретпеді ме?

- Әрине айтты. Бірақ мен өзімді-өзім асырап үйренген адаммын. Оқуымның ақшасын өзім төлеп, облыс әкімінің шәкіртақысын алдым. Павлодардағы мейрамхана бизнесінде бес жыл істегеннен кейін Екатеринбургтағы жаңа жобаға шақырды. Ол жақта мейрамхана бизнесін басқарумен айналыстым. Осы жерде жүріп үлкен тәжірибе алдым. Менің қарамағымда көп адам болды, сонымен бірге миллиондаған еуроның бюджеті болды. Тағы бір айта кететін жағдай, қызықты іс сапарлардың болғандығы. Біз Францияның мөлдір көк Сан-Тропе до Канн жағалауынан бастап, Швейцарияға дейін бардық.

- Тіл білгеннің пайдасы тиген шығар?

- Әрине. Содан кейін бұл жобаның да мен үшін қызықсыз бола бастағанын түсіндім.

- Ол жерде қанша уақыт істедіңіз?

- Екі жылдан артық уақыт. Екатеринбургте көңіл қосқан қызыммен тұрдым. Кейін сол қызға үйлендім. Содан кейін ол гүл сату бизнесін бастауды ұсынды. Менің тәжірибем бар, бірақ қалай істеу керектігін білмедім. Бөтен қала, біздің ресми құжатымыз жоқ, есепшот аша алмайсың. Ақыр соңында жасырын бастауға тура келді.

- Алайда бизнес ашу үшін қаражат керек қой?

- Жоқ. Бизнесті ақшасыз да бастауға болады. Менің қолымда тек айлық жалақым ғана болды. Егер бизнесті қалай бастайтыныңды білмесең, бағыт-бағдар тауып алған дұрыс. Яғни өзіңнен мықты адам табу керек. Біз ондай адамды Америка мен Жапониядан таптық. Біз кәдімгі барлығы ашып жатқан гүл сату бизнесін ашқымыз келмеді. Жұрттан өзгеше бірдеңе істегіміз келді. Әлеуметтік желілерде тіркеліп, логотип жасадық. Гүл сатып алып, ас үйдің үстелінде гүл шоқтарын жасай бастадық. Күніне екі тапсырыс орындап отырдық. Бұл өте әдемі болды, бізге дейін ешкім мұны істеген емес. Басында шығын көп болды, бірақ беделге ие болдық. Күндердің күнінде тоңазытқышта тамақтың орнында гүл шоқтарының тұрғанын көріп, студия ашуға шешім қабылдадық. Барлығын өз қолымызбен жасадық. Осы кезде жаңа бизнесті кофехана бизнесінде жұмыс істеумен қатар алып жүрдім. Ресурсың біткенде тиімді тәсіл ойластырасың. Біздің "ХО-ХО" студиямыз (гүл студиясы – автор еск.) соған дәлел.

- Бұл атау нені білдіреді?

- Бұл қысқарған сөз. Ағылшын тілінен аударғанда құшақ, сүю дегенді білдіреді. Өзгеше болсақ, барлық жағынан ерекше болайық деп шештік. Студия әлі күнге дейін табысты жұмыс істеп тұр.

- Сіз бұл бизнесті сатып жібердіңіз бе? Неге?

- Қазақстанда да болашақ барын түсінгенде сатып жібердім.

- Екатеринбургте тағы басқа немен айналыстыңыз?

- Мейрамхана саласында бизнес жүргізуді үйретіп, ақыл-кеңес беретін Betop деген компаниям болды. Осы салада белгілі тәжірибем болған соң, стартап жасағым келді. Бірақ о баста тәжірибенің аздығынан қате жіберіп алдым. Қазір оны өзім мойындаймын, ал ол кезде мұны мойындау қиын болатын. Біз мейрамхана бизнесіне осы саланың басшыларын емес, қатардағы қызметкерлерді оқыттық. Ал олардың көбісіне бұл қызықсыз болды. Өйткені көбісіне бұл уақытша жұмыс, олар бұл салада өсуді қалаған жоқ. Жақсы ақша таба бастасам да, бұл жұмысты тоқтатуға тура келді.

- Енді Павлодарға қайтып келдіңіз, одан әрі не істемекшісіз?

- Қазақстан кофехана желісін ашамын деп алдыма үлкен мақсат қойдым. Бұл іспен айналысу үшін жаңашыл болып, адамдарды жақсы көруің керек. Сервистік бизнес адами қарым-қатынас арқылы іске асады. Егер бойыңда ондай қасиет болмаса, онда бұл салада іс бастаудың қажеті жоқ.

- Алайда сіз бұл істі бастап кеткенге ұқсайсыз.

- Иә, бастадық, бірақ екі рет "аузымыз күйді". Орынды дұрыс таңдамағандықтан, Астана мен Алматыдағы филиалды жабуға тура келді. Бұл бизнесте location, location, location деген түсінік бар. Яғни табысқа жетудің жолы – орын, орын және тағы да орын. Бұл қалаларды жақсы білмегендіктен қателестім. Алайда осының өзі сабақ болды. Ал Павлодарда бизнесті табысты ету үшін кофехананы қай жерде ашу керектігін жақсы білемін.

- Үлкен қаладан шағын қалаға келген қандай екен?

- Бір шоқып, екі қарап келе жатырмын. Қазір мұның дұрыс шешім болғанын түсініп отырмын. Мәселе қалада емес, ең бастысы біз елге оралдық. Екатеринбургтегі екі жыл бізді көп нәрсеге үйретті. Қысқасы, кофе экспансиясын бастадық. Әрине, көптеген танысым неге қайтып келдің деп сұрады. Түсіндірсем мені түсінбеді, олар біздің жағдайымыз нашар болғансын қайтып келді деп түсінді. Ал шындығында соңғы екі жылда 13 кофехана аштық, енді тек бесеуін ашу ғана қалды. Көп қаражат пен адам жоғалтқанымды жақсы түсінемін, бірақ артқа шегінуге жол жоқ екенін біліп, өз ісімнің сапасына жауапкершілікпен қараймын. Бизнесте тез өстік, алайда өсу бар жерде тәуекел де бар. Ал бағытың болса, онда ештеңе кедергі бола алмайды. Біз одан әрі өсуді, келешекте Ресейге шығуды жоспарлап отырмыз. Бизнесте тоқтап қалуға болмайды, тоқтасаң біттің.

- Кофе кезекті жобаның бірі ғана шығар. Алда әлі тағы басқа жаңа жоба болатын шығар?

- Иә, ондай ойдың бары рас. Бәріне уақыт керек. Көбісі бұл істің табыс әкелетініне күмәнмен қарады. Ал қазір келіп, ақыл-кеңес сұрайтын болды. Осылайша тәжірибемен бөлісу туралы ой туындады. 2015 жылдың желтоқсанында алғашқы іс шараны өткіздім. Бұл оқытудан гөрі, өзімнің тәжірибеммен бөлісу болды. Өткен жылы Money Kitchen оқыту жобасы бойынша мың жарым адам білім алды. Осы уақытқа дейін тегін оқытаттынмын. Кейін әлеуметтік желілердегі өзіме қатысты жағымсыз пікірлерді оқығаннан кейін ақша алуды дұрыс көрдім. Осы уақыт ішінде бес оқыту курсы өтті.

- Бизнеске үйрету мүмкін бе?

- Үйретуге болады. Әдіснама жасап, сол бойынша оқытамын. Мен өзімді ұстаз санамаймын, бірақ менің үйретіп жатқанымды да білмейтін адамдар бар. Олар үшін бұл жаңалық. Мен оқытып жатқан адамдарымның алдындағы жауапкершілігімді түсінген кезде одан әрі оқуға деген қажеттілік туындады. Мен үнемі оқимын. Мен өткен жылы діни, көркем және бизнес-әдебиет бағытында 44 кітап оқыдым. Осы жылы оқитын кітаптарымның жоспарын құрып та қойдым. Наурыз айында АҚШ-тың шығыс жағалауы, Нью-Йорк, Майямиде оқыту курсын өткізуге барамыз. Әзірге сол жақтағы орыстарды оқытамыз. Әлеуметтік желі арқылы оқығысы келетін бірнеше мың адамды жинап қойдым.

- Михаил, өзіңізді кімдердің қатарына қосасыз? Бизнесмен, оқытушы, бизнес-идеялар иесі?

- Өзімді бизнесмен деп санамаймын, себебі өз еңбегім үшін алатын нақты ақшаны алып отырған жоқпын. Сату-сатып алу – бұл менің қолым емес. Маған бір нәрсені ойлап табу мен жасау ұнайды. Өзіммен-өзім келісім жасап, ақша табуға болатын салаларда жұмыс істеуге тырыстым. Бірақ ештеңе шықпады. Сату білмегендіктен емес, бір нәрсені құрап, жасап, артымнан қалдыратын еңбек көбірек ұнайды.

- Бірақ бизнес те сол ғой

- Үнемі олай болмайды. Табыс әкелетін бизнес ұзақ құрылады. Ал ақша содан кейін ғана келеді.

Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу