Саясат Нұрбек: "Шетелдіктер Қазақстанды белбеудің айылбасы деп атайды"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3452

Біздің елге қаржы құйғандар ЕАЭО нарығына төте жол табады.

Саясат Нұрбек: "Шетелдіктер Қазақстанды белбеудің айылбасы деп атайды"

Қазақстан ауылшаруашылығы саласының эспорттық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейту үшін шетел нарығын жаулап жатыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі мен "ҚазАгро" ұлттық холдингі бірлесіп өткізген "AgroInvest Forum 2017" агроөнеркәсіптік инвестициялық форумында айтылды

Премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың мәлімдеуінше, бүгінге дейін ҚХР-ға астық, майлы дақыл және өсімдік майын экспорттау келісіміне қол қойылған. Қазір Араб Әмірлігі мен Иранға жасымық тасу, Ресей, Израиль, Гонконг елдеріне күнбағыс тұқымын, қатты бидай, ұн, ноқат, бұршақ, қой етін тасымалдауға қатысты келісөз жүріп жатыр. Қытай нарығына сиыр, шошқа етін, сүт, құс өнімдерін, тірі жануар, соның ішінде жылқы жеткізу жоспарланған", – деді Асқар Мырзахметов.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Израиль, Кувейт мемлекеттеріне қой, ал Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропалық Одақ елдеріне құрғақ бие сүтін экспорттау мәселесін күн тәртібіне қойған.

"Қазақстан мемлекеттік реттеу мен инвесторларды қолдау саласында оң нәтижеге қол жеткізді. Сөйтіп ТМД елдері арасында инвестициялық қызметті іске асыруда қолайлы жағдай ұсынатын көшбасшыға айналды. Қазақстанға инвестиция салғанда, сіздерде Қытайдың, Ресейдің, сондай-ақ ЕАЭО-ның ауқымды нарығына кіруге мүмкіндік туады", – деді министр инвесторларға бағыттаған сөзінде.

Бұдан кейін ол Қазақстанның ауыл шаруашылық министрлігі экспорттың әлеуетін арттыру саясатына басымдық беріп отырғанын тілге тиек етті.

"Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде бұрыннан жұмыс істеп тұрған экспорттық арналарды кеңейтіп, жаңа әрі тың әлеует қалыптастыратын экспорт орталығы құрылды", – деді ол.

Басқосу барысында "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов пікір білдірді. Ол соңғы 5 жылда "ҚазАгро" және оның еншілес компаниялары шет мемлекеттен еліміздің  агроөнеркәсіптік кешеніне 1,3 млрд АҚШ долларын, 600 млн еуро және 1,5 млрд рубль инвестиция тартқанын айтты.

"Біздің елде шетелдік инвесторларға салық, кеден салалары бойынша артықшылық ұсынылады. Олар инвестициялық келісімшарт негізінде 10 жылға корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан сондай-ақ мүлік салығынан босатылады. Кедендік бас салығын төлемейді", – деді холдингтің басқарма төрағасы.

Нұрлыбек Малеловтың баяндауынша, Қазақстанның аграрлық секторындағы заңнамалық базасы халықаралық талаптарға сай. Ол кәсіпкер мен кәсіпкерлікті  қолдауға һәм қорғауға бағытталған", – деді ол.

Форумда сөйлеген сөзінде халықаралық ислам сауда-қаржылық корпорациясының бас директоры Халид Әл Абуди Ислам ынтымақтастық (ИЫҰ) ұйымына мүше-мемлекеттер әлем бойынша ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік беретін жердің 29%-ын иеленіп отырғанын айтты.

"Дәл осылай бола тұра, 2015 жылы ИЫҰ-ға мүше 28 мемлекет өмір сүру деңгейі төмен және ауылшаруашылық өнімін аз пайдаланатын елдердің қатарына қосылды. Бұл ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттерде 166 млн адам аш жүр деген сөз. 

Бес ірі бидай импортерінің төртеуі және 10 ірі экспортердің екеуі ИЫҰ-ғамүше-мемлекет. Алайда ИЫҰ-ғы азық-түлік саудасының тапшылығы 2015 жылы 79 млрд долларды құрады", – деді Халид Әл Абуди.

Оның сөзінше, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ислам ұйымын құру туралы стратегиялық бастамасы ИЫҰ-на мүше-мемлекеттердің барлығына қатысы бар маңызды мәселе.

"Халықаралық ислам сауда-қаржылық корпорациясы ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің ортақ мүддесі үшін Қазақстанның бастамасына  жан-жақты қолдау көрсетуін жалғастыра береді", – деді корпорацияның бас директоры.

Халид Әл Абудидің айтуынша, 2008 жылы құрылған халықаралық ислам сауда-қаржылық корпорациясы күні бүгінге дейін астық экспортына 810 млн доллар құйған.

"Қазақстанның құнарлы жері мен табиғаты ауылшаруашылығы саласын дамытуға өте қолайлы және оның толық пайдаланбаған мүмкіндігі мол. Таяу болашақта біз ислам қаржыландыру тетігінен Қазақстанның ауылшаруашылық  саласына қаржы қарастыруды көздеп отырмыз. Осы арқылы сіздердің мемлекеттік кәсіпорындарыңызбен, жеке секторларыңызбен, жергілікті банктеріңізбен тығыз қарым-қатынас орнатсақ дейміз", – деді ол.

Форумда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек екенін айтты. Ол аталмыш салаға шетелдік инвесторлар қатты қызығып жатқанын да атап өтті.

"Әзірше еліміздің аграрлық секторы ішкі жалпы өнімнің 5%-ын құрап тұр. Қолымызда бар ресурстарды ескеретін болсақ, бұл көрсеткіштің еселенетіні сөзсіз. Бізде бұл саланы дамытатын мүмкіндік өте көп. Бұған дейін жүргізілген зерттеу таяу болашақта өсімдік майының өндірісі 5 есеге көбейуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Себебі оған Қытай тарапынан үлкен сұраныс туып тұр. Сиыр етінің өндірісін 2, құс етін 3, балық өнімдерін 10, алма өндірісін 5 есеге дейін  ұлғайтуға болады", – деді Нұржан Әлтаев.

Оның сөзінше, елімізге инвестор тарту үшін оған жайлы жағдай жасау қажет. 

"Біз Астанада халықаралық қаржы орталығын құру (АХҚО) арқылы инвесторларға қарай маңызды қадам жасаймыз. Нәтижесінде Астана Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның қаржы хабына айналады. Уақыт өте келе ол әлемдегі ең озық қаржы орталықтарының жиырмалығына енуі тиіс", – деді Нұржан Әлтаев.

Басқосу барысында АХҚО басқарушы директоры Саясат Нұрбек баяндама жасады.

"Қазір әлемде өте қызық құбылыс орын алып жатыр. Дамудың қандай да бір жолына түскен мемлекеттер қаржылық хаб құратын болды. Бүгінгі таңда Гонконг, Нью-Йорк, Сингапур мемлекеттеріндегі әлемге әйгілі қаржылық орталықтар Бангког, Дубай, Шанхай, Мәскеу, Ыстамбұл сынды жаңа ойыншылар тарапынан қатты қысым көріп жатыр. Бұған не себеп болып жатыр? Біріншіден, ақша шамадан тыс көбейіп, қаржылық қызметке деген сұраныс артты. Екіншіден, арзан ақша тапшылық тудырып, дамыған елден қаржы тарту қиындай түсті. Яғни дамыған елдер өз аумағындағы ақшаны сыртқа жөнелтіп жатыр. Себебі мұндай ақшаны өздерінде ұстағаннан гөрі шет елде сақтаған қауіпсіз әрі тиімді. Үшіншіден, қаржыны басқару, игеру монополия болудан қалды. Батыс елдері, Солтүстік Америка монополияны уыстарынан шығарып алды", – деді Саясат Нұрбек.

Осыдан соң басқарушы директор жиналғандарға Қазақстанға халықаралық қаржы орталығы не үшін қажет, оған қандай талап қойылады және ол қандай болады деген сауалдың жауабын берді.

"Мәскеу қаржы орталығы біздің өңір үшін аймақтық қаржы орталығы, яғни хаб болу тиіс еді. Алайда бұлай болған жоқ. Мұның өзіне тән объективті себептері бар. Бұл жерде геосаяси жағдай да назардан тыс қалмады. Бүгінгі таңда Мәскеу қаржы орталығы ешқандай қаржылық операцияны жүзеге асырып отырған жоқ", – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, аймақтық қаржы орталығын құру үшін халықаралық стандартқа сай болу қажет. Осындай ойға бекінген кез келген елге 80 түрлі талап қойылады. Жаһандық деңгейдегі қаржы орталықтары аймақтық қаржы орталығын құрғысы келетін мемлекетте халықаралық әуежай мен халықаралық қонақ үйдің бар болуын да назарға алады. 

"Қазақстан географиялық тұрғыдан өте ыңғайлы жерге орналасқан. Біздің ел арқылы әлемнің кез келген нүктесіне қиналмай жетуге болады. Сондықтан шетелдіктер Қазақстанды белбеудің айылбасы деп атайды және біздің елде халықаралық орталықтың құрылғанын қос қолдарын көтеріп қолдайды".

Сөзімнің айқын айғағы Астана халықаралық қаржы орталығына әлем бойынша төртінші орында тұрған Шанхай қаржы биржасы жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр", – деді АХҚО басқарушы директоры.

Саясат Нұрбек АХҚО халықаралық биржаға айналатынын, ол үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді.

"Жаһандық және аймақтық қаржы орталықтарының арасында бәсекелестің бәсі өте қатал. Сондықтан біз инвесторларға үлкен жеңілдік жасаймыз. Олар негізгі салық түрлерінен 50 жылға босатылады. Біз мұндай қадамға саналы түрде барып отырмыз. Әйтпесе бәсекелестікке төтеп бере алмаймыз. Ал Астана халықаралық қаржы орталығының инфрақұрылымы мен реттеу тетігі Британ құқығына негізделеді. Қазір әлемдегі қаржы, сауда, бизнес саласындағы келісімдердің 80 %-ы келіспеушілік туған жағдайда Лондон сотына жүгінеді. Өйткені бұл сот әлемдегі ең қатал әрі әділ сот. Сондықтан оған инвесторлар мен компаниялар күмәнсіз сенеді. Осыған байланысты біз Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысын жүргізуге Британ құқығын таңдап отырмыз. Бұл Астанада Британ сотының аумағы болады деген сөз", – деп қорытты ойын басқарушы директор.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу