"Жібек жолында" қарыз өсіп келеді

4299

Қытайдың шетелге заемды көптеп экспорттауы Халықаралық валюта қорын алаңдатып отыр

"Жібек жолында" қарыз өсіп келеді

Бейсенбі, 12-сәуірде Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басшысы Қытайдың өзге елдерге берген қарызы "проблемалық дәрежеге дейін өсетінін" ескертті. Кристин Лагардтың ойынша, ғаламдық сауда инфрақұрылымы жобалары арқылы экспортталып жатқан бұл заемдар басқа мемлекеттердің мойнына ауыр жүк түсірмек. Мұндай мәлімдемені әлемнің бас қаржыгері Қытай президенті Си Цзиньпиннің төл жобасы –  "Бір белдеу, бір жол бастамасы" төңірегіндегі мәселелерді талқылаған форумда жасады. Ол отырыс Бейжіңде өтті.

Айта кету керек, Қытай "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион доллар жұмсамақ. Сондағы мақсат – жолдар мен теміржолдар және өзге де құрылыс нысандарын салып, Азиядан бастап, Африкаға, Еуропаға дейінгі аралықта жатқан елдерді бір-бірімен жалғастыру. Алайда, сол ауқымды жобалардың көбі Қытайдың мемлекеттік компаниялары мен несиелерінің тікелей қатысуымен іске асырылып, бірқатар елдер Бейжіңге миллиардтаған доллар берешек болып отыр.

"Бұндай жағдай қарыздың проблемалық деңгейге көтерілуіне әкеп соғып, өзге шығындарды шектеп, төлем балансына қауіп төндіруі мүмкін. Мемлекеттік борышы онсызда көбейіп кеткен елдерде қаржы шарттарын мұқият орындау сын көтермейтін ахуалға жақындап қалды", – дейді Лагард ханым бір топ қытайлық және шетелдік ресми өкілдер алдында сөйлеген сөзінде.

Шри-Ланкадан бір мысал
Кейбір елдер қазір қарызға терең батып отыр. Сондықтан, оларда берешегінен құтылу үшін Бейжіңге маңызды деген активтерін табыстаудан басқа амал қалмаған. Оған бір мысал – Шри-Ланка. Бұл аралдық мемлекет несиесін өтеу үшін аса стратегиялық ауданда орналасқан әрі ең қарбалас Хамбантота портын ұзақ мерзімдік жалға беруге мәжбүр болып отыр. Лагард мұндай проблемаларға келешекте жол бермеу үшін мүдделі тараптарды ынтымақтастықта мейлінше ашық болуға шақырды.

Вашингтондағы Ғаламдық даму орталығының баяндамасына жүгінсек, Қытайдың "Бір белдеу, бір жол бастамасы" бойында орналасқан 8 ел Бейжіңнен тым көп заем алғандықтан, қазірдің өзінде қарыз  қайтару мәселесінде қиындықтарға тап болды. Олардың қатарында Пәкістан, Джибути, Мальдив аралдары, Лаос бар. Тағы 23 мемлекет "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында Қытайдан несие алғаны үшін "қарыз дағдарысына" ұшырай ма деген қауіп туындап отыр. Дегенмен, Бейжіңнің ұстанған бағытын қолдайтын да дамушы елдер бар. Олардың пікірінше, қаржыландыру мәселесінде Халықаралық валюта қорының талаптары тым қатал.

"ХВҚ-ның қатаң шарттары мен шектеулері аз өсімді білдіреді", – дейді "Файниэншл таймс" газетіне Қытай астанасында өткен форумда сұқбат берген Африканың бір елінің атын атамаған өкілі.

Коррупциялық қауіп
Халықаралық валюта қоры басшысының тағы бір мәлімдемесіне қарағанда, орасан шығынды талап ететін ауқымды жобалар кейбір шенеуніктердің жемқорлыққа тәбетін ашуы ғажап емес.

"Бұл тегін ас емес. Мұнда әркім өз үлесін алып қалуға тырысуы мүмкін. Ол аралар үшін жай ғана бал емес. Жобалар әрдайым сәтті жүзеге аса бермейді. Және де бұндай жұмыстар барысында қорлар мақсатсыз пайдалануы ықтимал. Кейде оны коррупция деп атауға болады", – деді Кристин Лагард "Бір белдеу, бір жол бастамасына" жетекшілік ететін көптеген ресми өкілдердің алдында.

Жаңа Жібек жолына Батыстың күмәні бар
Бейжің "Бір белдеу, бір жол" бастамасын бес жыл бұрын жариялады. Бұл жол Шығыс және Орталық Азиядан бастап Еуропа мен Африкаға дейінгі аралықтағы 70 шақты мемлекеттен өтеді. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға Халықаралық валюта қоры да көмектесуге дайын. Сол мақсатпен осы қор жақында Дальянда Қытай-ХВҚ Әлеуетін дамыту орталығын ашты. Оның мақсаты – қытайлық даму жөніндегі мамандарды шетелдерде трейнингтен өткізу.

Дегенмен, кейбір Батыс елдері, соның ішінде АҚШ Халықаралық валюта қорының бұл ынтасын аса құптамады. Себебі, олардың пікірінше, Қытайдың алып жобасының астарында Еуразия мен Африкаға ықпал ету пиғылы жатуы мүмкін. Оның үстіне, экономикасы әлсіз елдер Қытайдың өсіп келе жатқан инвестициясын қалай басқармақ деген сауал да экономистер арасында үлкен пікірталас тудырып отыр. 

Си: "Бұл Маршал жоспары емес"
"Франс пресстің" хабарлауынша, Лагардтың сөзі ресми Бейжіңге жағуы екіталай. Өйткені, Қытай үкіметі "Бір белдеу, бір жол" бастамасын ежелгі Жібек жолындағы сауданың қайта өркендеуі кейпінде сипаттап, оның қауіпті тұстары мен астыртын мақсаттарын мойындағанды ұнатпайды. Ал, Қытай орталық банкінің төрағасы Йи Ганның сөзіне сенсек, Қытай банктері "Бір белдеу, бір жол" бойында орын тепкен елдерге арзан несие бере отырып, "үлкен жетістіктерге қол жеткізді". Ганның айтуынша, банктер мемлекеттік субсидияларға иек артып отырған жоқ, және олар ұсынған қаржы таза коммерциялық несиеге жатпайды.

Өткен сәрсенбіде осы елдің оңтүстігіндегі Хайнань аралында Азия үшін Давосқа пара-пар Боао форумы өтіп, онда президент Си Цзиньпин сөз сөйлейді. Сол мәлімдемесінде Қытай төрағасы "Бір белдеу, бір жол бастамасына" айтылған сындарды жоққа шығара отырып, бұл инициативаны  Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Маршал жоспарына немесе Қытайдың әзәзіл әрекетіне теңейтіндердің қателесетінін ерекше атап өтті. Мұны "Синьхуа" хабарлап отыр.

"Жекенің" қарызы 164 триллион долларға жетті
Халықаралық валюта қоры әлемде мемлекеттік және жекеменшік сектор қарызының тоқтаусыз өсуіне қатысты да алаңдаушылық білдірді. Алдағы аптада ХВҚ-ның осы мәселе жайындағы зерттеуі жарияланады. Сол баяндамадан бір үзінді келтірсек, дүниежүзінде жекеменшік компаниялар алған қарыз 164 триллион долларға жетіп қалған. Бұл – 2007 жылғы көрсеткіштен 40 пайызға жоғары. Және де мұнша қарыз тарихта бұрын-соңды болмаған. Ал, бір Қытайдың сыртқа берген борышы 40 пайызға өсіпті. Лагардтың ойынша, қарызды қысқарту жолында шара қолданылмаса, елдер мен корпорациялар, банктер дағдарыстар мен шоктар алдында осал болып қала бермек. 

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу