Анатолий Балушкинді елімізге экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр

2434

Бұрынғы шенеуніктердің немесе бизнесмендердің елден қашып шығып, шет елдерде бой тасалап жүруі біздің қоғамымыз үшін үйреншікті нәрсеге айналған. Әсіресе, қашып жүрген жемқорлар көп. 

Анатолий Балушкинді елімізге экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр

Осыдан екі жыл бұрынғы мәліметте жемқорлықпен істі болғандардың 65-і ұстатпай жасырынып жүргені, ал соның 33-і шет елдерге қашып кеткені келтірілген. Одан бергі кезеңде құқық қорғау органдарынан қашып жүрген жемқорлар мен шенеуніктер көбеймесе, азаймаған болар. Ұсталып жатқандары да жоқ емес.

Бірер жылдан бері бойтасалап, ал өткен жылдың тамызында іздеу жарияланған ірі бизнесмен ақыры қолға түсіпті. Ол – Қазақстанға жоламай жүрген бұрынғы бизнесмен, еліміздегі "БИПЭК" компаниялар тобының акционері болған Анатолий Балушкин. Прага қаласында жүрген жерінен ұсталып, қолына кісен салынды. Қазіргі кезде ол қамауда.

Анатолий Балушкин "БИПЭК Авто Қазақстан" акционерлік қоғамы мен "Азия Авто" акционерлік қоғамы акцияларының бақылау пакетінің иесі болған. Халықаралық іздеуді Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмыстар жөніндегі департамент аса ірі көлемдегі алаяқтық әрекеті үшін жариялаған.  Ал сот оны қамауға алу туралы сырттай шешім шығарған болатын.

2020 жылы Балушкин Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің қатарында болды. Сол кезде оның қаражаты 153 млн долларға немесе 65 млрд теңгеге бағаланған.

2020 жылы Балушкин басқарған "Азия Авто" автомобиль концерні дағдарысқа ұшырады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зауытпен ынтымақтастықты тоқтатты және компаниядан 10 жыл ішінде алған 405 млн долларды құрайтын артықшылықтар мен жеңілдіктерді қайтаруды талап етті. Өйткені компания өндірісті жаңғырту бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Сот талқылауларынан кейін Lada және Kia шетелдік серіктестері "Азия Авто" кәсіпорындарында автокөлік құрастыруды тоқтатты. Зауыттың екі мыңға жуық қызметкері жұмыссыз қалды.

Содан барып Анатолий Балушкиннің мүлкі тәркіленді. Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның сотқа дейін тәркілеу туралы жолдаған қолдаухатында 77 жылжымайтын мүлік пен мың жылжымалы мүлік көрсетілген. Жылжымайтын мүліктерінің қатарында "Рахман қайнары", "Нұртау", "Порт Фортуна" деген демалыс базалары бар. Мемлекет холдингтен 174 млрд теңгені қайтаруды талап етті деген мәлімет бар.

Іздеу жарияланғанымен, ол Ресейге барып жайғасқан екен. Миллиардтарды Қазақстандағы холдингтің Ресейдегі еншілес кәсіпорындарына аударып алыпты. Әйелі мен ұлының аттарына Мәскеуден, Санкт-Петербургтен және Сочиден 2 млрд рубльге, біздің валютамызға шаққанда 12 млрд теңгеге қымбат ғимараттарды сатып алған.

Сонау 2015 жылы Анатолий Балушкин Сібірдегі бұрын Ресейдің "АвтоВаз" құрылымына кірген бірнеше дилерлік орталықты өзіне қаратып алған екен.  Ал 2019 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен арада дау-жанжал туындағаннан кейін, еліміздегі холдингтің активтерін сыртқа шығарып, өзінің жақын адамдарының аттарына жазған көрінеді. Бұл әрекеттер "Бипек-Авто" акционерлік қоғамының аудиторлық есебінен де, Ресейдің заңды тұлғалар мемлекеттік реестрінің бірыңғай мәлімет базасынан да көрінген. Сібірдегі компания мен Өскемендегі компанияны біріктіремін деп активтерді сапырылыстырып, былықтырып жіберген деседі. Әрине, Қазақстандағы компаниядан көптеген қаржы ауып кеткен болса керек. Тіпті Өскеменде тіркелген "Азия-Авто" жабық акционерлік қоғамының заңды мекенжайын Мәскеуден орын тептірген екен. Балушкин Ресейден 50 млн рубль капиталымен қоса "Р-Моторс" деген жабық акционерлік компанияны сатып алыпты. Нәтижесінде Санкт-Петербургтегі үш ірі Lada дилерлік автоорталығын иемденіп, жыл сайын ондаған миллион рубль таза пайда тауып келген.

Анатолий Балушкин Ресейден әйелі мен ұлының аттарына қисапсыз тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, көлік тұрақтайтын ақылы орындар  алған көрінеді. Әйелінің атындағы ірі қалалардағы пәтерлерінің өзі оннан асады деседі.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуіне қарағанда, Чехияның астанасы Прагада қолға түскен Анатолий Балушкинді елімізге экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.

Алғашқы кезеңде, 2020 жылы Анатолий Балушкин өзін ақтауға тырысыпты. Бәсекелес компанияларға жол ашу үшін бизнестен шеттетудің, рейдерлік әрекет жасалуының салдарынан қудалауға ұшырадым дегенді алға тартқан көрінеді.

Қалай болғанда да бизнесмен екенмін деп еліміздің қаржысымен ойына келгенін істеп, мемлекетке қыруар залал келтірген адамның шет елдерде тайраңдап жүре бермей, ұсталғаны абырой болған.  

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу