Көпбалалы аналарға өмірбойы жәрдемақы төленеді

9289

Жұмыс беруші кімдермен еңбек шартын бұза алмайтыны белгілі болды.  

Көпбалалы аналарға өмірбойы жәрдемақы төленеді

Ана мен балаға төленетін барлық әлеуметтік төлемдер жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі. Аналарға бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері туу тәртібіне байланысты бекітіледі. Биыл бірінші, екінші, үшінші бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері – 95 950, төртінші және одан да көп балаға 159 075 теңгені  құрап отыр. Соңғы 3 жылда бұл жәрдемақының мөлшері 38%-ға өсті. Бұдан бөлек, жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға 1 жасқа дейінгі балаға күтім жасау үшін әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Егер баланың анасы жұмыс істемесе, онда бала туылғаннан кейін, оған ай сайын төленетін 1 жасқа дейінгі балаға күтім жасау жәрдемақысы беріледі. Жәрдемақының мөлшері 14 444 теңгеден 22 473 теңгеге дейінгі аралықта болады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша мұндай жәрдемақыны 125 мыңнан астам адам алды. Соңғы 3 жылда бұл жәрдемақының мөлшері 19%-ға өсті. Егер баланың анасы жұмыс істесе және оған әлеуметтік аударымдар түскен болса, онда ол мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алады. Біріншіден, жүктілігі мен босануы бойынша төлем, оның мөлшері соңғы 12 айда әйелдің орташа айлық кірісіне байланысты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндай төлемнің орташа мөлшері 391 170 теңгені құрады; екіншіден, соңғы екі жылдағы орташа айлық кірістің 40% мөлшерінде 1 жылға дейінгі балаға күтім жасау ақысы. Бұл төлемнің орташа мөлшері 2018 жылы 32 361 теңгені құрады. 2018 жылы жалпы сомасы 165 млрд теңгеге ана мен бала жағдайына мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 400 мыңға жуық ата-ана төлем алды. Бұдан басқа мемлекет әлеуметтік аударымдарды есептеу кезінде ескерілетін орташа айлық табыстың 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялайды. Бұл әйел босану демалысында болғанда зейнетақы жинақтарын тоқтатпауы үшін жасалады.

Жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары мен кепілдіктері еңбек заңнамасымен қорғалады. Жүкті әйелдермен, 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, 14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға жол берілмейді. Өз ісін ашқысы келетін әйелдер үшін елімізде әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың түрлі бағдарламалары жүзеге асырылуда. 2018 жылы жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы бойынша 3033 әйелге шағын несие берілді және 1 243 әйел 100 АЕК көлемінде жаңа бизнес-идеяларды дамытуға грант алды.

"Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы өмірбойы төленеді, яғни зейнеткерлікке шыққаннан кейін де  беріледі және оның табысына байланысты болмайды. Жыл сайын осы жәрдемақыны төлеуге 45 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар бірқатар салық төлемдері мен мемлекеттік баж төлеуден босатылады. 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Өткен жылы 271 мың отбасы 32,8 млрд теңгеге осындай жәрдемақы алды. Зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысты 5 және одан да көпбала туып, оларды 18 жасқа дейін тәрбиелеген аналар 53 жасында зейнетке шығу құқығына ие. Сонымен қатар 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Елбасының тапсырмасы бойынша 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша жәрдемақы енгізілді. Өткен жылы оны 11,5 мың адам алды. 2019 жылы жәрдемақы мөлшері 31 183 теңге (1,05 АЕК) құрады, ал 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 41 578 теңгені құрайды.
Елімізде мемлекеттік жәрдемақы жүйесі, әлеуметтік жәрдемақы жүйесі, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары мен салықтық жеңілдіктерді қамтитын көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің кешенді үлгісі жасалды. Сәйкесінше, бір жасқа дейінгі балалары бар аналар мен отбасыларға, көпбалалы отбасыларға,  мүгедектігі бар бала бағып отырған отбасыларға, аз қамтылған отбасыларға, асыраушысынан айырылған және балаларды қамқорлыққа немесе қамқоршылыққа алған отбасыларға өмірінің барлық кезеңінде қолдау көрсетілетін болды. Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды қамтамасыз етеді.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алмай жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 2019 жылы республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылғанын, жоспар бойынша 4,5 мың пәтер салынады.

2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде Елбасының Nur Otan партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмасын іске асыру мақсатында аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін сатып алмай, жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға қосымша 50 млрд теңге бөлінген. Жалпы осы іс-шараға 2025 жылға дейін 350 млрд теңге сомасында қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл жыл сайын 6 мың аз қамтылған көпбалалы отбасыларды пәтермен (2025 жылға дейін 40 мыңнан астам пәтер) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Елбасының тапсырмаларын іске асыру мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар немесе осындай бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, толық емес отбасыларға жылдық 2% 20 жылға дейінгі мерзімге бастапқы жарна 10% - дан бастап жеңілдетілген несие беру енгізілген. Аталған механизмді жүзеге асыру асыру үшін 3 жыл ішінде 150 млрд теңге қажет, жыл сайын 50 млрд теңгеден. 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде 50 млрд теңге қарастырылған. Жыл сайын 6 мың несие беру жоспарланып отыр (3 жыл ішінде 18 мыңға жуық несие). Тұтастай алғанда, берілген қаражат әрбір отбасы үшін қолайлы өмір сүру жағдайының қосымша әсерін және қол жетімділігін қамтамасыз етеді, олардың өмір сүру жағдайларын жақсартады.

Жазып алған Қанат Махамбет

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу