Цифрландыру дәуірінде бүкіл әлем елдері орталық банктері цифрлық валютаны енгізуді жоспарлауда, деп жазды inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Қазірдің өзінде әлемдік ЖІӨ-нің 95%-дан астамын құрайтын 105 ел осы қаржы құралын жасаудың мүмкіндіктерін зерттеудің әртүрлі кезеңдеріне келді. Бұл валюта "ақшаның үшінші нысаны" деп те аталады, өйткені оны орталық банктер шығарады және біз үйреніп қалған қолма-қол және қолма-қол емес қорларды толықтырады.
2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі де "Цифрлық теңге" пилоттық жобасын жүзеге асыруға кірісті. Бұл пилоттық жоба цифрлық теңге тұжырымдамасының өміршеңдігін тексеруде. Цифрлық валютаның өмірлік циклінің негізгі сценарийлері қазірдің өзінде жүзеге асырылды – эмиссия мен таратудан бастап сатып алуға, оны пайдалану арқылы аударымдарға және тіпті офлайн төлемдерге дейін.
Цифрлық теңге төлем саласындағы бәсекелестік пен инновацияны дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның қаржы секторының әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң әсер етуге тиіс.
Айта кету керек, цифрлық теңге қолма-қол немесе қолма-қол емес ақшаны алмастыруға арналмаған, ол параллельді түрде қолданылады.
Қазір Central Bank Digital Currency идеясы танымал болып келеді. Жобалар сарапшылар қауымдастығымен талқылаудан бастап пилоттық режимге және іске қосуға дейін әртүрлі кезеңдерде. Сарапшылар кеңесінің мәліметі бойынша, 10 ел цифрлық валютаны толығымен іске қосты.
Өз кезегінде тағы 15 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да пилоттық режимде жобаны енгізуді зерделеуде. Сонымен қатар 24 елде оны әзірлеу сатысында, 43 елде зерттеу сатысында.
Құралай Құдайберген