Жобаны жүзеге асырып отырған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ұлттық экономика министрлігінің жұмысына сын айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметованың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру үшін соңғы 4 жылда республикалық бюджеттен шамамен 600 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаражат босқа шашылған. Себебі бағдарламаның нысаналы индикаторлары бір-бірін айна қатесіз қайталаған.
Азаматтарды жұмысқа қабылдау қағаз жүзінде атқарылған. 2019 жылы 118,8 мың азамат жұмысқа орналасқаны жалған мәлімет берілген. Бұл – тұрақты жұмысқа орналасқандардың жалпы санының 31%.
"Жұмыс берушілер қызметкерлерін жұмыстан шығарып, оларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына қайта жұмысқа қабылдаған. Адамдар бұрынғы жұмысын істей берген, бірақ мемлекет олардың табысының 35%-ын субсидиялаған. Осылайша жұмыс беруші өзінен жауапкершілік пен шығынды алып тастаған", –деді Әлия Әбсеметова.
Қанат Махамбет