2017 жылы мектеп бітіретін түлектердің қай уақытта аттестация тапсыратыны белгілі болды. Бұл туралы ақпаратты ҚР Білім және ғылым министрлігі Фейсбук әлеуметтік желісінде таратты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Министрліктің хабарлауынша, жазбаша және ауызша емтихандар, сонымен қатар, мектептегі тестің жауап парақтарын комиссия дұрыс жауаптар коды арқылы тексереді. "Барлық емтихан оқу орнында – мектепте өтеді. Аттестацияның қорытынды мерзімі министрліктің "2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы" (2017 жылдың 30 сәуіріне дейін) бұйрығы арқылы белгіленеді – ол шамамен 2017 жылдың 29 мамыры мен 9 маусым аралығы. Түлектердің мектеп бітіру кештері 2017 жылдың 15 маусымына дейін өткізілмек", – деп хабарлады министрлік. Аттестацияның қорытындысын Ұлттық тест орталығы білім басқармаларына, білім басқармалары мектептерге таратады.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы арқылы халыққа 2017 жылдан басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің жаңа форматын түсіндірді.