Ақмола облысында егіс науқанына дайындық басталды

91

Аймақ – тәуекелі жоғары егіншілік аймақта орналасқан. 

Ақмола облысында егіс науқанына дайындық басталды Фото: Kazaknews.kz

Осыған байланысты биылғы егіс науқанына дайындық әдеттегіден ерте басталды. Бұл – ауа райының қолайсыз әсерін азайтып, тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов ең өнімді аудандардың ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және басшыларымен аймақтық кеңес өткізді. Сондай-ақ, өңірдегі ірі кәсіпорындарға барып, ауыл шаруашылығы техникасын дайындау, өнім жинау және қайта өңдеу барысымен танысты.

"Көктемгі егіс – аса жауапты кезең. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін одан әрі арттыруға қатысты нақты міндеттер қойды. Президент өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы жақсы көрсеткішке қол жеткізгенімен, көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту қажет екенін атап өтті. Біз әр күнді барынша тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – тәуекелдерді төмендетіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты", – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі шаруаларды қажетті техникамен, жанар-жағармаймен, тыңайтқыштармен және несие құралдарымен толық қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейтуге шақырды.

"Биыл жеңілдетілген несиені алғаш рет көктемгі егіс басталмай жатып беріп отырмыз. Яғни, науқанға дейін шаруалар толық дайын болуы тиіс. Мемлекет өз тарапынан барлық қолдауды көрсетуде: жеңілдетілген несие, субсидия, арзандатылған жанармай. Ал әкімдер мемлекеттік қолдау алатын шаруашылықтарды өздері барып бақылауы қажет. Басты мақсат – сапалы өнім алу, оны сақтау және өңдеу. Осы процестерге сіздер де мүдделі болуыңыз керек. Өнімділік пен табыс – сіздердің басқарушылық жетістіктеріңіздің бір бөлігі", – деді өңір басшысы.

Жеңілдетілген несие беру "Кен Дала" және "Кен Дала 2" бағдарламалары арқылы өткен жылдың желтоқсан айынан басталды. Бүгінде 52,3 млрд теңгеге 329 өтінім түсіп, оның 217-сі мақұлданды.

Биыл Ақмола облысында 5,4 млн гектар алқапқа егін егіледі, оның ішінде 4,7 млн гектары – дәнді және бұршақты дақылдарға тиесілі. Егіс жұмыстарына 36,5 мың дана ауыл шаруашылығы техникасы дайындалуда, оның 75%-ы қазірдің өзінде толық дайын. Сонымен қатар, техника паркін жаңарту мақсатында 7% жаңа техника сатып алынады.

Марат Ахметжанов дәлме-дәл егіншілік технологияларын, цифрландыруды, ылғал сақтау әдістерін және өсімдіктерді кешенді қорғау шараларын белсенді енгізу қажеттігін айтты.

"Барлығын ауа райына жауып қоюға болмайды. Агротехнологияларды қатаң сақтау ғана тұрақты өнім алуға және саланың рентабельділігін арттыруға мүмкіндік береді", – деп тілге тиек етті өңір басшысы.

Биыл облыста алғаш рет Агрономиялық кеңес құрылды. Оның негізгі міндеті – тұқым сапасын бақылау және агротехнологиялардың сақталуын қамтамасыз ету.

Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан кеңес барысында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бюджетке төлейтін салық көлемі алған субсидиясынан бір жарым есе аз екенін атап өтті. Бұл – мемлекеттің агросектордың ерекшелігін ескеріп, арнайы салық режимін енгізгенінің дәлелі. Мұндай жеңілдік басқа экономикалық салаларда жоқ.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 1 наурызға дейін егіс алқаптарының құрылымын толық айқындап, майлы және мал азығы дақылдарының үлесін арттыру міндеті қойылды. Ал 1 сәуірге дейін зертханалық жағдайда тұқым сапасын толық талдап, ауыл шаруашылығы техникасының дайындығын аяқтау қажет.

Облыс әкімі аудан әкімдеріне шаруалармен тығыз байланыс орнатып, нақты көмек көрсетуді және бөлінген несиелерді игеру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

"Көктемнің әр күні – бір жылдық азық. Біз қателікке жол бере алмаймыз. Сондықтан әр жауапты тұлға барынша ұқыптылық пен жеделдік танытып, қойылған міндеттерді толық орындауы қажет", – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу