Әлемде дәріні орынсыз тағайындау қателігінен жылына 42 млрд доллар залал келеді – сарапшы

412

Осылайша бұл бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласы шығындарының бір пайызын құрап отыр.

Әлемде дәріні орынсыз тағайындау қателігінен жылына 42 млрд доллар залал келеді – сарапшы Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы елордада өткен Қазақстан терапевтері конгресінде медицина ғылымдарының докторы Раушан Қарабаева айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап елімізде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат көлемі 2 еседен астам ұлғайған. Бұл нозология санын 2,5 есе арттыруға, сондай-ақ, 4 млн-ға дейін пациентті дәрімен тегін қамтуға мүмкіндік берген.

"Дәріні қолданумен байланысты туындайтын қателіктер әртүрлі кезеңдерде тіркеледі. Бұл медициналық көмекті ұйымдастырудың олқылығы салдарынан болады. Дәрілік заттарды орынсыз тағайындау қателігінен болатын экономикалық залал жылына 42 миллиард долларға бағаланып отыр.  Бұл – бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау шығындарының бір пайызы. 2017 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау барлық елдегі медициналық қателіктердің санын азайтуға бағытталған жаһандық бастама көтерген болатын", - деді медицина ғылымдарының докторы, ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының орынбасары Раушан Қарабаева.

Сарапшылар көптеген дәрі-дәрмек түрлерін тағайындау, дәрілерге жағымсыз реакциялар, олардың өзара әрекеттесуі, дәріні қабылдау уақытын сақтамау мәселесіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың сөзінше, адамдар бірлескен жазбаларды жүргізбейтін түрлі медициналық мекемелерге жүгінеді, салдарынан пациенттерге қайталанатын немесе өзара әрекеттесетін емдеу түрлері тағайындалады. 

"Тиімді, қауіпсіз, сапасы дәлелденген препараттар, вакциналар мен медициналық құрылғылар қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуі үшін өте қажет. Қазір нарықта көптеген дәрі-дәрмек түрлері бар. Олар осыдан бірнеше ғасыр бұрын өлімге әкелуі мүмкін ауруларды емдеуге, әсерін болдырмауға және азайтуға қабілетті екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, қазіргі кезде көптеген мемлекет медициналық стандарттарға сәйкес келмейтін жасанды, жалған дәрілік заттар өндірісімен байланысты қиындықтарға тап бола бастады", - деді ДДҰ өкілі – Қазақстандағы ДДҰ елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла.  

Айта кету керек, Астанада дәрілік терапияның сапасы мен қауіпсіздігі тақырыбында халықаралық конгресс өтіп жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу