Бөлініп жатқан қаражат банкроттық толқынын еш тоқтата алмайды. Бірқатар сарапшы осылай дейді.
Әсіресе АҚШ экономикасы қазір іркіліске тап болып отыр. Өйткені бұл елде қаржы секторы шешуші рөл атқарады, кәсіпорындардың басым бөлігі қарыз капиталын пайдаланады. Қазіргі таңда ақша ағыны азайып, қаржыландыруға деген қажеттілік, керісінше, артуда.
Fitch агенттігінің соңғы мәліметіне сүйенсек,несие нарығында дефолттың айлық өсімі соңғы алты жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Себебі, кәсіпорындар төлем мерзімін өткізіп алған немесе банкроттық туралы құжат толтыруда.
Fitch Leveraged Loan Default Index дерегі бойынша, мамыр айында дефолттың жалпы сомасы 12,6 млрд долларға жеткен. Бұл 2014 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш. Осылайша жыл басынан бері көрсеткіш 33,3 млрд долларға дейін өскен. Агенттік осы сегменттегі дефолт көлемі 2020жылы 80 млрд долларға дейін жетіп, 2009 жылғы ең жоғары көрсеткішке ие болады деп топшылап отыр.
Бірқатар сарапшы дефолт бойынша тақтатасты секторы көш бастайды деп болжаған еді.Бірақ соңғы екі айда көбіне америкалық ритейлерлердің қарызды өтей алмағаны тіркелген. Өйткені барлығы бірдей пандемия кезінде жұмысын жалғастыра алмады, дені онлайн сауда-саттық жасауға дайын болмай шықты.Ритейлерден кейінгі орында телекоммуникация, қызмет көрсету және өндірістік сектор. Энергетика саласы бұл тізімде бесінші орында.
Әлемдегі ең ірі қаржы компаниясы саналатын Blackrock басшысы Ларри Финк қазір банкирлер банкроттық толқынына дайындалып жатқанын мәлімдеді. Одан бөлек Федералды қор жүйесі, Халықаралық валюта қоры да экономика құлдырайды деген мәнердегі болжамдарымен осы күнге дейін бөлісіп келеді.
Кей сарапшылар дағдарысты қарыздан тәуелсіз, яғни көп қарызы жоқ кәсіпорындар оңай еңсереді деген пікірде. Lazard компаниясының басшысы Питер Орсзагтың ойынша, бір компанияның банкроттыққа ұшырауы басқаларына да теріс әсер етеді. Осындай факторлардың салдарынан экономика тоқырап, компаниялардың жұмысы айтарлықтай іркіледі.
Табиғат Нұрболат