Алматыда мыңнан аса әйел сақтандыру есебінен ЭКҰ жасата алады

1488

Бұрын тегін медициналық көмек шеңберінде ғана жасалатын жоғары технологиялық қызметтің бұл түрі 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру пакетіне енген болатын.  

Алматыда мыңнан аса әйел сақтандыру есебінен ЭКҰ жасата алады

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиал басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы 2010 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылып келді. Биыл еліміз бойынша 7000 жуық үміткер "Аңсаған сәби" арнайы президенттік бағдарламасы шеңберінде ЭКҰ жасатып, ата-ана бақытын сезіну мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы. 

"Мәселен, 2020 жылы Алматы қаласында 643 ЭКҰ жасалған. Оған 563 млн теңге бөлінді. Биыл 1238 шара жоспарланған. Оған қарастырылған сома 2 есе артып, 1,1 млрд теңгені құрап отыр", - деді филиал директоры.

Биыл Алматы бойынша аталған бағдарламаға 7 медицина ұйымы қатысып жатыр. Олардың бәрі де Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан. Олар:
• "Private clinic" ЖШС;
• "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы" АҚ;
• "PERSONA" ЖШС;
• "Экомед" фирмасы" ЖШС;
• "Репродуктивтік медицина институты" ЖШС;
• "Клиника AMD" ЖШС;
• "Нұрай" ЭКО КЛИНИК ЖШС.

ЭКҰ бағдарламасына қатысу үшін тіркелген емханаға барып арнайы есепке тұру қажет. Тиісті көрсетілімдер болған жағдайда дәрігерлер квотаға кезекке қояды. Квота жергілікті Қоғамдық денсаулық басқармасындағы арнайы комиссия шешімімен беріледі.

Естеріңізге сала кетсек, қосалқы репродуктивтік әдістерді пайдалану процесі ҚР ДСМ 2020 жылы 15-желтоқсандағы бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Бұйрықта жасанды ұрықтандыруға қойылатын талаптар толық жазылған. Мәселен, ЭКО бағдарламасына квота бойынша жасы 18 бен 42 аралығындағы, соматикалық, эндокриндік денсаулығы бірқалыпты әйелдер қатыса алады.

Экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі – дүниежүзіндегі көптеген отбасыларды толғандыратын бедеулікпен қарсы күрестің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Әлем елдері бұл әдісті пайдаланып келе жатқанына 40 жылдан асқан, ал Қазақстанда аталған әдіс 1996 жылы қолданысқа енді. Қазіргі таңда республика бойынша 22 мыңнан астам сәби осы бағдарлама негізінде дүние есігін ашқан.

Жалпы, Қазақстанда бедеулік диагнозымен есепте тұрған әйелдер саны 11 мыңнан асады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу