Астана әуежайы арабтарға неге берілді?

746

Астана әуежайы енді арабтардікі.

Астана әуежайы арабтарға неге берілді? Фото: Inbusiness.kz

Халықаралық әуежай шетелдік инвесторларға әзірге 1 жылға басқаруға берілді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Әзірге деуіміздің себебі Азаматтық авиация комитеті бұл нысанды Біріккен Араб Әмірліктеріне тағы 15 жылға жалға беруіміз мүмкін, дейді. Стратегиялық нысан саналатын объектімізді жалға алған арабтардың не істемек ойы бар? Тілшіміз Шерхан Абзалұлын тыңдайық.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ТМД елдері арасындағы ең үздік 5 әуежайдың қатарына кіретінін білесіз бе? Бірақ мұндағы ұшу-қону жолағына жөндеу жұмыстары жүргізілмегелі 20 жылға жеткен. Тек тозған тұстарын кішігірім ғана қалыпқа келтіріп отырды. Осылайша мүлде күрделі жөндеу көрмеген бас қалдағы әуежайға Біріккен Араб Әмірліктерінің “Terminals Holding” компаниясы шамамен 20 млрд теңгеге жаңғырту жұмыстарын жүргізбек.

Екі ел арасындағы келісімшартқа қараша айында ресми түрде қол қойылды. Біріккен Араб Әмірліктері әзірге әуежайымызда бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 15-ке жуық мемлекетпен әріптес атанып үлгерген инвесторлар наурыз айында жұмысын бастайды.

"Ұшу-қону жолақтарының өзі және рөлдеу жолдары, пирон, әуе кемелерінің тұрақтары толығымен жаңартылады. Бұл қауіпсіздік деңгейін арттырады. Жолаушылар терминалы реконстраукциядан қазір өтпейді. Бұл келешектегі жоспар болуы мүмкін", - дейді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов.

Бұған дейін жаңғырту жұмыстары талай мәрте жоспарланып, сан түрлі себеппен талай мәрте тоқтаған. Көктемдегі күрделі жөндеу 1 жылға жалғасады, бірақ әуежай қызметін тоқтатпайды. Тек рейстердің уақыты өзгереді. Сондай-ақ стратегиялық нысан саналатын орынды өзге елге беріп қою қоғамның үрейін туғызғаны жасырын емес. Алып қашпа әңгімелерге еріп жүргендерді жауаптылар байыбына бармай байбалам салмауға шақырды.

"Әуежай қазіргі уақытта мемлекет меншігінде қалады. Тек қана басқаруға берілген әуежай. Заңнамаға сәйкес егерде, қауіпсіздік төнетін жағдай болса, онда мемлекет әр уақытта өзінің басқаруына алуға кепілі бар", - дейді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов.

Сағатына 20 рейс қабылдай алатын Астана әуежайы әзірге 18 өңір мен 29 мемлекетке қатынай алады. 2022 жылы келіп-кеткен жолаушылар саны 6 млн болса, былтыр бұл көрсеткіш 25 пайызға өскен. Яғни 7 жарым миллионға жетті деген сөз. Ал көктемде басталатын күрделі жөндеудің басты мақсатының бірі де осы. Біріншіден қауіпсіздік мәселесі жақсарады, екіншіден рейстер саны көбейеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу