Атырау қаласының Жерұйық ықшам ауданында жұқпалы ауруларды емдеуге арналған жаңа заманауи аурухана бой көтерді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ғимарат Атырау облысы әкімдігінің әлеуметтік саланы қолдауға арналған жұмыстарының аясында Каспий құбыр консорциумы (НКОК) демеушілігімен салынып отыр.
Нысаның салтанатты ашылуында Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев тұрғындарды ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап: "Жаңа заманғы технологиялармен жабдықталған аурухана 180 адамға арналған. Оның 150 орыны балаларға арналады. Сәбилер науқас жерін айтып түсіндіре алмауы мүмкін. Оған дәрігерлер қауымының біліктіліктері аса қажет. Бұл орайда, медицина саласының мамандары бар тәжірибесін бала денсаулығына жұмсайды деп сенім білдіремін", – деді.
Аурухана микробиологиялық және клиникалық зертханалармен, науқастарды оқшаулауға арналған арнайы блоктармен жабдықталған.
"Әр адам барлық жағдайы жасалған жерде ем алуға құқылы. Біздің бұрынғы ғимарат аурухана деуге келмейтін еді. Жаңа үлгідегі аурухана науқастардың тез жалып кетуіне де септігін тигізеді. НКОК компаниясымен байланысымыз бұнымен үзілмейді. Болашақта біздің аурухана сапалы жабдықтармен толығатын болады", – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Мұрат Құлбасов.
Ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған НКОК компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн: "Компания қызметкерлердің басым бөлігі еңбек етіп жатырған атыраулық тұрғындарға денсаулық сақтау саласындағы маңызды нысанның құрылысы аяқталғанын хабарлағанға қуаныштымын. Аурухана құрылысына жалпы құны 2,7 миллиард теңге бөлінді. Әлеуметтік нысандарды салуға компания алдағы уақытта да қолдау білдіретін болады", – деді.