Ауыл халқы күні-түні жер қарауылдап әлек

675

Түркістан облысында үш бірдей ауылдың халқы үш күннен бері үйлеріне қонбай ауыл маңындағы жерлерді қарауылдап жүр. 

Ауыл халқы күні-түні жер қарауылдап әлек Фото: azattyq-ruhy.kz

Сарыағаш ауданына қарасты Тасқұдық, Сарысу және Құрысай ауылының халқы жерді мал-жануардан емес бай-бағландардан қорып әлек. Айтуларынша, елді мекен іргесіндегі жердің бәрін кезінде аудандағы шенді-шекпенділер өзара бөліп, заңдастарып алған. Содан бері көктем шыға соқа салып, жұртты жайлымға жарытпаған. Осыған ашынған халық биыл жерді жыртқызбауға бел буған. 

Тасқұдық ауылы тұрғындарының осылай "айқалап" жүргені биыл бірінші рет емес. Халық бұған дейін ауыл маңындағы жерлерді ортақ меншікке қайтару туралы талай бас көтерген. Бірақ нәтиже болмапты. Айтуларынша, іргедегі жердің бәрін ауылға қатысы жоқ тұлғалар иеленіп алған.   

Күнкөрісі мал шаруашылығына байланған жұрт, жердің бәрін әкімшілікте лауазымды қызмет атқаратындардың туыстары иеленіп алғанын айтады. Олар тиісті заң талаптарын да орындамайды екен.   

"Тасқұдықта 1015 үйдің жері бар. Бір кішкентай  гектар жерін қазды бірақ көмдіріп тастады айыппұл салып. Ал, бұлар айыппұл төлемейді.- жыл болды қазып қоршап қойғанына. Малымыз қанша түсіп өлді. Білмеймін заң қайда қарап отыр", дейді ауыл тұрғыны Төрежан Үсіпханов.

Тұрғындардың сөзін жерге жауапты сала мамандары да растап отыр. Бірақ, жерді қайтаруға қауқарсызбыз дейді. 

"Менің ағамның 700 гектар жері бар. Арғы жағында НұрАсу ЖШС-нің 140 гектар жері бар. Ол жерді мен қайтарамын деп айта алмаймын. Барлығы заң аясында алған", дейді Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Көкеев. 

Бірақ, айдаладағы азаматтардың ауыл іргесіндегі жердің бәрін иеленіп алуы заңды дегенге тұрғылықты жұрт келіспейді. Сондықтан соңына дейін күресеміз деп отыр.   

"Бұл кісілерден басқа ешнәрсе талап етіп отырған жоқпыз. Біз тек қана малмен өмір сүреміз. Бақтырмайды малымызды", дейді Ауыл тұрғыны Гүлайман Шайынқұлова.

Айтып өту керек, ауылда мал бағатын не егін егетін жер болмағасын соңғы уақытта елдімекенді тастап көшіп кететіндер көбейген. Оның қашанға дейін жалғасатыны әзірге белгісіз. Ал, үш ауылдың халқы биыл жерді жыртқызбаймыз деп бекініп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу