Ауылдың жұмыссыздары мен оқушылары киізден өнім өндіруде

758

Экологиялық таза өнімге сұраныс жоғары. Әр жұмысшының жұмыс жоспары бекітіліп, ай сайын 200-ден астам өнім өндіру көзделіп отыр. 

Ауылдың жұмыссыздары мен оқушылары киізден өнім өндіруде

Маңғыстауда Құрық ауылының тұрғындары бірігіп, табиғи өнім өндіре бастады. Олар қолда бар шикізат- түйе мен қойдың жүнін өңдеп, ай сайын 200-ден астам тұрмысқа қажетті қолөнер бұйымдарын дайындап шығаруда. Кәсіптің қыр-сырын ауыл балалары да үйреніп жатыр. Бұл жоба Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына қарасты Іскер әйелдер кеңесінің мұрындық болуымен жүзеге асып келеді.

Таңгүл Орынбасарова өндірістік орталықта жүн иіруші болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, қолөнерге қызығушылығы бар оқушыларға басқұр, алаша тоқуды үйретеді.   

"Киім тоқитын болсақ, жүнді жіңішкелеу қылып иіреміз. Ал егер алша, өрмек тоқитын болсақ, ол жүнді жуандау қыламыз. Әжелеріміз деген осы жүнді түтіп, шүйкелеп алып, көршіден шәй ішіп, бір-бірімен амандасып, өзінің қолөнер шаруасын да бірге бітіріп жүрген ғой",-дейді өндірістік орталықтың шебері Таңгүл Орынбасарова.

"Бір ауыл-бір өнім" әлеуметтік жобасының мақсаты - қолда бар шикізатты пайдаға жарату, елдімекенде жұмыс орындарын ашу.  Қазір мұнда 23 адам еңбек етеді.  Жүн жақын маңдағы шаруа қожалықтардан жиналады. Тұрғындар оны қолмен жуып, түтеді. Содан соң, ылғалдап және құрғақтай басу әдістерімен кәдесый, көрпе, шәркей және киім тігеді. 

Өндірістік орталықта бұйымдар қолмен жасалады. Мәселен, ойыншық түйе жасау үшін жүн арнайы инемен тығыздалады. Орта жылдамдықпен шамамен бір кәдесыйға 3 сағат уақыт қажет. Кәдесый жасауға оқушылар да машықтанып жатыр. Айтуларынша, жұмыс кезінде милары тынығып, қолдары жаттығады. Сондықтан да олар тегін үйірмеге қалмай қатысады.  

"Мысалы көп адамдар, шетелдіктер осындай ойыншықтар жасап, өз бизнесін ашып жатыр. Мен де соларға ұқсап, көп ойыншықтар жасағым келеді. Сол осы үйірмеге келіп, барлығын жасап үйреніп жатырмын",- дейді Аружан Олжабаева. 

Экологиялық таза өнімге сұраныс жоғары. Әр жұмысшының жұмыс жоспары бекітіліп, ай сайын 200-ден астам өнім өндіру көзделіп отыр. 

"Қызығушылық танытып жатқан жастар мен қыз-келіншектер көп. Біздер адамдарға тегін үйретіп жатырмыз. Өйткені қазір тапсырыс келіп жатыр 500 корпоративтік кәдесый жасай аласыз ба деп. Ауылда қолөнершілер көбейсін, үйренсін адамдар. Осындай үлкен тапсырыс келген кезде жасақтауға дайын болуымыз керек",- деп атап өтті өндірістік орталықтың жетекшісі Жаңагүл Жапарова. 

Былтыр осы жобаға 5 млн теңге грант беріліп, оған жүн түтетін қондырғы алынды.  Нәтижесінде өнім өндіру жеңілдеген. Қазір орталықта өнімнің жаңа түрлерін шығаруға дайындық жүріп жатыр.  

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу