Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин экологиялық талап елдегі барлық мұнай-газ компанияларына қатысты екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Мұнай-газ кешені елімізде ауаны ластауда энергетика, тау-кен секторынан кейін, жылына 520 мың тонна зиянды заттарды ауа шығарып, үшінші орында тұр. Көптеген ірі кәсіпорын иелері экологиялық стандарттарды енгізу үшін қаржы салуға және өндірісін жаңғыртуға экономикалық тұрғыдан ынтасы жоқ. Өйткені олардың рұқсат алған эмиссияларының жоспарлы көлемі, іс жүзіндегі шығарған көлемнен екі немесе одан да көп", – деді Мәжіліс депутаты.
Оның сөзінше, компаниялар факт бойынша эмиссияны төлейді де, лимиттен асып отырған жоқпыз деп экологиялық технологияларды енгізуге құлықсыз.
"Бұдан басқа Экологиялық кодекске сәйкес, 2025 жылдан бастап енді олар он жылға кешенді экологиялық рұқсат алып, эмиссияны төлеуден де босатылады. Осы жылдар ішінде олар ең озық техникаларды енгізу қажет. Меніңше, бұл да әділ принцип емес, өйткені зияндаушы зиянын азайтқан кезде ғана сондай мөлшерде төлемнен босатылуы қажет", – деп атап өтті Еділ Жаңбыршин.
Мәжілісмен келтірген деректерге сәйкес, 2023 жылдан бастап 1 категориядағы 9 ірі мұнай компаниясы зияндаушы көздерге автоматтандырылған мониторинг жүйесін орналастыру қажет еді. Бірақ та, тек 5 компания ондай жабдықты толық іске қосқан, екеуінде қосу жұмыстары жүріп жатыр, тағы екеуі әлі іске қоспаған.
"Соңғы кезде Каспий теңізінде болып жатқан экологиялық жағдайлар қоғамда әр түрлі сұрақтар туғызып отыр. Әсіресе, итбалықтардың неден өліп жатқанын нақты ешкім айта алмай отыр. Жалпы еліміздегі барлық кәсіпорын экологиялық мониторингті өздері жүргізіп отыр. Сондықтан олардың мәліметінің шынайлығы күмәнді. "Кім ақша төлейді, сол музыкаға тапсырыс береді және оны таңдатады" деген әңгіме бар ғой. Қазіргі жағдай осыған ұқсас. Мемлекет өзі толық қоршаған ортаны мониторинг жасамай, біз кімнің, қалай, қандай зиянды заттармен қанша көлемде экологияны бүлдіріп жатқаныны нақты айта алмаймыз", – деп жалғастырды халық қалаулысы Мәжілісте өткен Үкімет сағатына.
Айтуынша, Экология министрлігінде су айдындарын зерттейтін арнайы жабдықталған кеме де жоқ.
"Каспий теңізіндегі кен орындардың айналасына қоршаған ортаның жағдайын онлайн режимде құзырлы органға беріп отыратын автоматтандырылған стационарлық станцияларды орнатудың уақыты келді. Мұндай стационарлық қондырғылар жерде де орнатылуы керек. Сонда ешқандай дау тумайды. Кім бүлдірді, айыппұл төлейді. Бұл – халықаралық принцип. Экологиялық талап еліміздегі барлық мұнай-газ компанияларына қатысты. Компания таза стандарттарды сақтай ма – онда оған сұрақ жоқ. Біз мұнайды басқа өніммен алмастыра аламыз, бірақ Каспий теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге ғасырлар керек болады", – деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.