Биыл Түркістан қаласының Өзбекстанның Самарқан қаласымен сауда-экономикалық, туристік әлеуетін нығайту мақсатында, "Түркістан – Самарқан" тұрақты халықаралық автобус бағытын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Түркістан облысында 44 тасымалдаушы 1224 дана автобуспен (шағын автобуспен) жолаушылар тасымалдауда. Облыстағы тұрақты бағыттар желісі – 325 бағыттағы 1090 кестеден тұрады. Облыс бойынша 2018 жылы 797 млн жолаушы тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға жоғары.
2019 жылы 865 млн жолаушы тасымалданады деп күтілуде. Өткен жылы жалпы жолаушылар көлігінде 18 тұрақты бағыт ашылды. Бұл туралы Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Тілегенов мәлімдеді.
Одан бөлек, 2019 жылдың 1 қаңтарында әлеуметтік маңызы бар "Түркістан – Бадам" және "Түркістан – Сарыағаш" теміржол бағыттары ашылды. Пойыздар аптасына 5 реттен қатынайды.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 4 қаңтарында аптасына 2 рет жиілікпен "Түркістан – Шымкент" жедел пойызы іске қосылды.