Елбасы Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады

2492

"Бұл – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн", – деді елбасы.

Елбасы Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Баршаңызды баға жетпес басты мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Тәуелсіздік – жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым. "Адам бақытты өмір сүруі үшін, оның тәуелсіз Отаны болуы қажет" деген даналық сөз бар. Бүкіл халқымыз ақсарбас айтып, егемендік байрағын көкте желбіреткеніне, міне, 27 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті", – деп, президент еліміздің сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналғанын атап өтті.    

"Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – халқымыздың саны 18 миллионнан асып, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетуі. Осы маңызды жеңістеріміз бен игі нәтижелеріміз біз таңдаған бағыттың дұрыс екенін растап отыр", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті еліміздегі кейінгі бастамалардың бәрі тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге және әл-ауқатымызды арттыруға бағытталғанын атап өтті.

"Әлеуметтік саланы кешенді жаңғырту – біздің маңызды бағытымыз. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық азаматымыз баспаналы болды. Біз жуырдағы 5 жыл ішінде 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Бұл шамамен тағы екі миллионға жуық қазақстандық баспаналы болады деген сөз", – деді елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз ел тұрғындарының қазіргі буыны уақыт талабына сай болып, Қазақстандағы әрбір отбасының игілігі мен берекесін нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу