Қазақстандық оқушы Дубайдағы өнер фестивалінде бас жүлде алды

751

Қазақстандық оқушы Дубайдағы өнер фестивалінде бас жүлде алды

Дубай қаласының халықаралық гимназиясында өткен "Дубай - 2018" өнер фестивалінде Қазақстаннан барған оқушы Раушан Аманкелдіқызы өзі шығарған өлеңдерін ағылшын және қазақ тілдерінде мәнерлеп оқып, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл туралы агенттікке  жеңімпаздың ұстазы Жеңісбек Пәзіл айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Аталмыш байқауға  Қазақстан мен БАӘ-ден 30 бала қатысқан, - дейді Жеңісбек Пәзіл –Раушанға "Бейбітшілік әлемі" халықаралық қазақ  шығармашылығы әлем  орталығының БАӘ атынан арнайы кубок пен медаль, қымбат сыйлықтар  табыс етілді. Бұған дейін ол Семей қаласында желтоқсан айында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өткен "Тәуелсіздік тірегім, теберігім" атты оқушылар мен жасөсіпірімдер халықаралық  фестивалінде Тәуелсіздікке арнап шығарған "Азаттығым" өлеңімен Дубай қаласында  өтетін байқауға жолдама жеңіп алған. Мәнерлеп оқу бойынша   сахнада өзін еркін ұстай білген оқушының  ақындық талантын қазылар  алқасы жоғары бағалаған".

Жетекшісінің айтуынша, Раушан Аманкелдіқызы 2014 жылдан бастап Баянауыл ауданы Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің ақындар сыныбында білім алады. 2016 жылы ақындық ұшқыр ойынан шыққан нәзік те, сыршыл жырларын топтастырған "Жыр боп кеткім келеді" алғашқы  жыр жинағын шығарған.  Республикалық, облыстық, аудандық мүшәйралар мен ақындар айтысына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуде.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу