Астанада аштық құрбандарына орнатылған композициялық ескерткіштен ұл баланың қола мүсінін ұрлап кеткен. Полицейлер күдіктіні үстап,қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Абай-Республика көшелерінің қиылысында орналасқан 1932-1933 жылдардағы аштық құрбандарына арналған ескерткіштің бір бөлігін ұрлаған күдікті қамауға алынды",- деп жазылған Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарламасында.
ҚР ҚК 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сонымен бірге ұрланған мүлікті сатып алған адамның да аты-жөні анықталды.
Қазір 196-бап (Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi күні бұрын уәделеспей иемдену немесе өткізу) бойынша тергеу жұмыстары басталды.
Жүген ұстаған бала композициясын полицейлер металл сынықтарын қабылдау пункттерінің бірінен тапқан.