Фильмдер қазақ тілінде, қолайлы уақытта көрсетілуі тиіс – Асхат Оралов

392

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов вице-министрлердің, комитет төрағаларының және бағынысты мекеме басшыларының қатысуымен аппарат кеңесін өткізді. 

Фильмдер қазақ тілінде, қолайлы уақытта көрсетілуі тиіс – Асхат Оралов Фото: liter.kz

Онда қарастырылған басты тақырып – көрермендердің сұранысына ие кассалық фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждау, деп жазады Inbusiness.kz.

"Жыл басынан Қазақстанда бірнеше ірі кинопремьера өтті. Олардың кейбірі қазақ тілінде дубляждың болмауына байланысты көрермендеріміздің назарынан тыс қалды. Мен халықтың пікірін бақылап отырмын. Біз бұл мәселені ешқашан естен шығармаймыз. Кассалық фильмдер аудиторияға мемлекеттік тілде қолжетімді болуы керек. Мысалы, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрермендердің қызығушылығын тудырған 3 кинопремьера қазақ тіліндегі дубляжбен шықты. Биыл біз мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, Үкімет қаулысымен бекіттік. Енді жыл сайын кем дегенде 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасалуы керек деген міндет қойдық",- деді Асхат Оралов.

Естеріңізде болса, Мәдениет және спорт министрі наурыз айында мемлекеттік тілге дубляж жасау үшін фильмдерді іріктеу ережесін бекітті, делінген Мәдениет және спорт министрлігі хабарламасында.

Министрлік алдағы бірнеше жылда жалпы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізбек. Бұл көрсеткіш кассалық шетелдік фильмдерге мемлекеттік тілде дубляж жасау арқылы артуы тиіс. 

                                                                                                                         Фото: Мәдениет және спорт министрлігі 

"Тағы бір өзекті мәселе - қазақша дубляжбен шығатын картиналар сеансы әрдайым көрермендерге ыңғайлы уақытта қойыла бермейді. Бұл туралы да маған әлеуметтік желіде жиі жазады. Фильмді мемлекеттік тілде көргісі келетіндер көбінесе түнде киноға баруға мәжбүр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Біз кинотеатрлардың жекеменшік кәсіп нысаны екенін түсінеміз. Дегенмен де мемлекеттік тұрғыдан біз дүниежүзі көретін кинопремьералардың қазақ тілінде және ыңғайлы уақытта көрсетілуін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан жеке кәсіпкерлермен, кинотеатрлардың иелерімен осы бағыттағы жұмысты жандандыруымыз қажет",- деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу