"Қазақстан Халық жинақ банкі" АҚ "Казкоммерцбанк" АҚ-мен бірігу немесе бірлесу туралы бастама жасаған емес және ондай ұсыныс та қабылдамаған, деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА хабарлайды.
Сарапшылардың сауалына жауап берген "Қазақстан Халық жинақ банкі" АҚ "Казкоммерцбанк" АҚ-пен бірігу туралы ұсыныстың түспегенін және ешқандай ұсыныс жасамағанын айтты. Бұған қатысты қаңқу сөздерге Халық банк қосымша түсіндірме берді.
"Шынында да, 2016 жылы ортақ пікір алмасулар аясында қазақстандық банк секторының алдағы дамуы туралы түрлі сценарийлер қарастырылды, бірақ бұл келіссөздер жүргізу емес. Тараптар арасында бірігу туралы келіссөз жүргізуге де еш негіз жоқ", – деді банк өкілі.
"Мұндай мәмілені Халық банк халықаралық стандарттарға сәйкес таза коммерциялық жағдайда жүргізілсе және мәміле акционерлер мен өзге де қызығушылық танытқан банк тараптарының мүдделері ескерілсе ғана қарастыруы мүмкін", – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, қазақстандық БАҚ ең ірі екі банктің бірігуі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Қазақстандағы ең ірі екі банк – Қазкоммерцбанк (ККБ) пен Халық банк 27 миллиард доллар көлеміндегі активтері бар банк құру үшін бірігуді талқылауда. Қазақстанның барлық банк жүйесі активінің 37% екі банкке тиесілі. Халық банк 1,7 млрд доллар көлеміндегі нарықтық капиталдандыруға ие. Қазкомерцбанктің ішкі нарықтағы нарықтық капиталдандыруы $542 миллион долларды құрайды. Қазком акцияларының бақылау пакеті кәсіпкер Кеңес Рақышевке тиесілі. Ол 2016 жылдың 28 сәуірінен бері Қазкоммерцбанк директорлар кеңесінің төрағасы. Халық банкінің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.