Халық тиімсіз бағдарламаларға қыруар қаржы жұмсауды тоқтатуды талап етті

577

"Ауыл" ХДПП жүргізген "Ел аманаты" атты жалпыұлттық сауалнамаға 212 658 қазақстандық қатысты. Партия төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков осылай деді.  

Халық тиімсіз бағдарламаларға қыруар қаржы жұмсауды тоқтатуды талап етті

Оның сөзінше, партия активі сауалнаманы қорытындылап, 14 өзекті мәселені анықтаған. Сауалнамаға қатысушылар осының жетеуін мезгіл мәселесі деп санайтындарын жеткізген.

"Респонденттер шетел азаматтарына жердің жалға берілуіне және сатылуына тыйым салу, жаңа әлеуметтік саясат құру, әр балаға жәрдемақы беру, ауылдарды оңтайландыру жылдарында жабылып қалған медициналық мекемелердің жұмысын жандандыру, бүкіл ауылды, оның ішінде шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету, шағын, орта бизнес өкілдері мен фермерлерге 2-4 пайызбен несие беру, сонымен қатар олардың коммуналдық шығындарын субсидиялау, шетелден келетін қандастардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын жеңілдету, тиімсіз бағдарламаларға қыруар қаржы жұмсауды тоқтату мәселелеріне ерекше назар аударды", – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Төлеутай Рахымбеков 17 854 бюллетеньде қосымша мәселелер көрсетілгенін мәлімдеді.

"1000-нан астам адам сауалнамадағы 10 проблемалық мәселені белгілеген. Олар: бірінші, ауыз су, газбен жабдықтау, интернет бойынша – 3 671 ұсыныс; екінші, ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдауды жетілдіру, несие мен субсидияның қолжетімділігі, кооперация негізінде әділ баға бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және өткізу жүйесін құру – 2 787 ұсыныс; үшінші, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаның өсуіне және құрамында ГМО бар өнімдерді сатуға жол бермеу; төртінші, 2 758 респондент ипотеканы төлеуге мүмкін болмаған жағдайда тұрғын үйді қарастыра отырып, жалға берілетін тұрғын үй санатына ауыстыруды ұсынды.

Бесінші, 2 448 респондент жастар үшін жұмыс орнын ашуды, оның ішінде зейнет жасын төмендету арқылы оны көбейтуді ұсынды. Алтыншы, пандемияға байланысты қызметін ішінара немесе толық тоқтатқан кәсіпкерлерге 2 жылға дейін несие демалысын беру туралы 2 141 респондент ұсыныс жасады. Жетінші, 1 793 респондент тұрғын үй алу, шаруашылық жүргізу және кәсіпкерлік қызмет үшін кредит бере отырып, жұмыс күші артылған оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге ішкі көші-қонды ынталандыру бастамасын көтерді. Сегізінші, студенттер үшін автобуста, пойызда және ұшақта жүру тарифін 30%-дан 50% -ға дейінгі жеңілдікті қалпына келтіру туралы 1 974 респондент ұсыныс жасаған. Тоғызыншы, спорт алаңдары мен стадион салу, әр ауылда денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерін қалпына келтіру бойынша 1174 ұсыныс болды. Оныншы, суармалы және жайылымдық жерлерді қалпына келтіру және тиімді пайдалануға қатысты 2 171 ұсыныс түсті", – деді Төлеутай Рахымбеков

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу