Халықтың басым бөлігі медиацияның не екенін білмейді

870

Медиаторлар сот пен прокуратураның жүктемесін жеңілдетеді.  

Халықтың басым бөлігі медиацияның не екенін білмейді

Елімізде медиация институты дамымай жатыр. Себебі халық медиацияның не екенінен бейхабар. Медиация заңнамасын жетілдіру тақырыбына арналған дөңгелек үстелде осындай мәлімдеме жасалды. 

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есиннің сөзінше, қазақстандықтар дау-дамайды келісім арқылы шешудің тиімді тәсілі бар екенін білмейді және медиацияға сенбейді.

"Әлеуметтік сауалнама нәтижесі сұралған адамдардың тек 36%-да ғана медиация туралы түсінік бар екенін көрсетті. Медиацияға халықтың сенімін арттыру үшін азаматтық даулар мен әкімшілік істер бойынша сотқа дейінгі кезеңде міндетті түрде медиатормен ақпараттық кеңес жүргізуді енгізу қажет", – деді Данияр Есин.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, медиатор даудың бастапқы кезеңінде оны тиімді әрі дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

"Медиаторлар соттардың, ішкі істер органдары мен прокуратураның  жүктемесін азайтады", – деді Данияр Есин.

Сөз арасында вице-министр кәсіби медиаторларды даярлау мәселесін тоқталды. 

"Бүгінде даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын сертификаты барлар кәсіби медиатор бола алады. Осыған байланысты қазіргі жағдайды ескере отырып, медиаторларды даярлау ережесін қайта қарау ұсынылады", – деді ол.
Данияр Есиннің дерегінше, елімізде медиатор даярлайтын 120-дан астам қоғамдық орталық бар. Бірақ оларда бірыңғай баға саясаты, бірыңғай әдістемелік оқу құралы, медиация рәсімдерін жүргізуге арналған шарт жоқ. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу