Бұл жайында Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Отандық қант өндірісін ұлғайту және импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында бес жылдық кезеңге арналған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда, оның шеңберінде шикізатты қайта өңдеуге тапсыру кезінде субсидиялар нормативін 15 теңгеден 25 теңгеге дейін арттыру арқылы фермерлерді ынталандыру іске асырылуда", – деді министр.
Сондай-ақ, қызылша өсіруге арналған егу кешендеріне (қызылша жинайтын комбайндар, сепкіштер мен пәлек кескіштер) инвестициялық субсидиялар нормативін 25-тен 50%-ға дейін ұлғайту көзделуде.
Бұдан басқа, қант қызылшасын өсіруге – тұқым, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, суармалы су қызметтерін сатып алуға базалық субсидиялар сақталады.
"Айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін қант зауыттарына Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы 0,1% мөлшерлеме бойынша 18 млрд теңге көлемінде жеңілдікті кредиттер берілді. Қант өндірісіне қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша (70%-ға төмендету) жеңілдіктердің қолданылу мерзімі ұзартылды. Ағымдағы жылғы 22 сәуірден бастап 350 мың тонна көлемінде үшінші елдерден құрақ қанты шикізатын бажсыз әкелуге тарифтік жеңілдік қолданылуда", – деді Қарашөкеев.
Қант өндірушілерді баға демпингінен қорғау үшін қанттың ең төменгі көтерме бағасын енгізу тетігі әзірленді.
"Жалпы, 2023 жылы қант қызылшасының егіс алаңдары 64%-ға ұлғайтылып 19,0 мың гектарға дейін жеткізілді. Орта мерзімді перспективада қант өндірісін (қызылшадан және құрақ қанттан) 283 мың тоннадан 490 мың тоннаға дейін өсіру жоспарлануда. Бұл ретте егіс алқаптарын кеңейту арқылы отандық шикізаттан қант өндірісі 33 мыңнан 250 мың тоннаға дейін өсірілетін болады. Нәтижесінде ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 51%-дан 83%-ға дейін өседі", – деп қорытындылады министр.