Конвенцияға қосылудың негiзгi факторларының бiрi Өзбекстанмен трансшекаралық өзен бассейндерiнде гидротехникалық құрылыстар салу, оның iшiнде су айдындарын бiрлесiп басқару және пайдалану туралы Келiсiмді талдау болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңы Орнықты даму мақсаттарының нысаналы индикаторларын ескеретін жаһандық халықаралық негіздемелік құжат.
Бұл Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен 1997 жылғы 21 мамырда қабылданып, 2014 жылғы 17 тамыздан бастап күшіне енді.Қазіргі уақытта 37 мемлекет Конвенцияның қатысушысы. Қазақстанмен көршілес елдердің ішінде тек Өзбекстан Республикасы Конвенцияның мүшесі.
Конвенция трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын бүкіл әлемде тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ететін жаһандық құқықтық механизм болып табылады.
Конвенцияға қосылу Қазақстанның трансшекаралық өзендерді халықаралық құқық қағидаттары негізінде пайдалану және қорғау мәселесі бойынша көрші елдермен өзара іс-қимылдағы ұстанымын нығайтады.
"Қаралып отырған конвенция дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған, онда халықаралық су ағындарын әділ әрі ақылға қонымды пайдалану қағидаттары айқындалған. Сонымен қатар, трансшекаралық суды пайдаланудың неғұрлым өткір мемлекетаралық мәселелерді шешу үшін ортақ құқықтық алаң құруға мүмкіндік береді.
Конвенцияға қосылудың негiзгi факторларының бiрi — Өзбекстанмен трансшекаралық өзен бассейндерiнде гидротехникалық құрылыстар салу жөнiнде жоспарланған iс-шараларды үйлестiру, оның iшiнде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы трансшекаралық су айдындарын бiрлесiп басқару және пайдалану туралы Келiсiм жобасының нормаларын талқылау және келiсу", — деп баяндады Сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Конвенция тараптары мынадай міндеттемелерді қабылдады:
басқа тараптарға айтарлықтай зиян келтірмеу;
трансшекаралық өзендерді басқару бойынша ынтымақтастық жасау;
су ағынының жай-күйі және суды пайдалану бойынша деректер мен ақпаратпен алмасу.