Осыдан біраз уақыт бұрын қоғамда Еуропаның бірқатар елдеріндегі жағдай сияқты көмірден бас тартып, жаңа технологияға көшу туралы ұсыныстар қызу талқылана бастап еді.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Еліміздің энергетикалық балансында көмір маңызды орын алады, 70 пайыздан асады. Еуропалық Одақ халықаралық аренадағы геосаяси өзгерістерге байланысты көмірді қолдану концепциясына қайта орала бастады. Қазір біз көмірді пайдаланудан бас тартпаймыз. Бірақ электр станциясы жұмысының нәтижесінде атмосфреаға бөлінетін көмір массасының шығындыларын ең аз мөлшерге дейін азайтуға мүмкіндік беретін озық технологиялар бар", – деді Президент Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында.
Ендігі міндет – сол үздік технологияларды біздің өндірісте міндетті түрде қолдану.
"Жалпы Қазақстанға қосымша электр энергиясы қажет екенін айтқым келеді. Бұл – факт. Оған қоса, шарықтау кезінде бізде энергетика тапшылығы сезіледі. Бұл жол беруге болмайды", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 станциясынада былтыр 22,8 миллиард килоВатт электр энергиясы өндірілді. Мұндай көрсеткіш 1986 жылдан бері болмаған еді. Мұнда №1 энергоблокты қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң елдегі ең көп электр энергиясын өндіретін орталыққа айналады. Жобаның жалпы құны – 162 миллиард теңге. 2023 жылдың желтоқсанында энергоблок іске қосылған соң қуаттылық 4 мың килоВаттқа дейін жетеді.
Ал ГРЭС-2 орталығында №3 энергоблоктың құрылысы қолға алынды. Бұл жоба 2025 жылы станцияның қуаттылығын 1 600 МВт дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар екі ірі көмір кеніші орналасқан Екібастұз қаласында көмір химиясының ғылыми орталығын ашу жоспарланып отыр. Сол арқылы көмірден басқа да заттар алу ойда бар.