Қаржы министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарын жекешелендірудің нұсқасын әзірледі, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"32 жоғары оқу орны коммерциялық емес және коммерциялық акционерлік қоғам болып қайта құрылады. Бұл жұмыс 2017 жылы басталады. 2020 жылға қарай акцияларды қосымша эмиссиялау арқылы жекеменшік капитал тартылады", – деп түсіндірді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бүгін Үкімет отырысы барысында.
Оның айтуынша, білім туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін колледждер 2017 жылы ірі кәсіпорындар мен университеттердің сенімгерлік басқаруына ұсынылады.
Сонымен қатар алты медициналық жоғары оқу орнында 2017 жылдан бастап стратегиялық серіктестермен бірлесіп менторлық бағдарламасы жүзеге асырылады. 2018 жылдан – университеттің клиникаларын бірлесіп басқару шаралары атқарылып, ал 2019 жылдан бастап сенімгерлік басқаруға тапсырылады.