Келер жылы Қазақстанда жоғары технологиялық жаңа биржа пайда болады

671

Келер жылы Қазақстанда жоғары технологиялық жаңа биржа пайда болады

2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, Қазақстанда жоғары технологиялық жаңа биржа жұмыс істейтін болады. Бұл туралы бүгін "Астана" Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, Қазақстанда жоғары технологиялық жаңа биржа жұмыс істейтін болады. Astana Innovation және Ақпарат министрлігімен бірге оның белгілі бір платформаларын жаңа блокчейн шешімдердің негізінде жасауымыз ықтимал. Маңызды істердің тағы бірі – аталмыш биржада "Самұрық-Қазына" компаниясын жекешелендіру өтеді. Бұл компания – Қазақстанның ЖІӨ-нің 40 пайызы. Келесі жылы онда тәуелсіз қаржы соты, жаңа арбитраж орталығы ашылады. Олар бүкіл посткеңестік мемлекеттердің сот жүйелерінің ортақ орталығына айналуы мүмкін, себебі бұнда алғаш рет біздің аймақта ағылшын құқығы принциптері қолданылатын болады. Осының барлығы толық 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады", – деді Келімбетов ASTEX Astana Smart City 2016 форумында.

Сонымен қатар, оның айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, халықаралық қаржы орталығының қатысушыларын тіркеу басталады.

"Президенттің тапсырмасымен 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің базасында Халықаралық қаржы орталығын құру туралы тапсырмасы бар. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, қаржы орталығына қатысатын компанияларды тіркеуді бастамақпыз. Олар бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер алады, бұл –визалық және еңбек режімдерінің жеңілдетілген түрі. Егер олар бейінді қызмет түрлерімен – капиталдар нарығы, активтермен басқару, исламдық қаржыландыру, жаңа қаржылық технологиялармен айналысатын болса, 50 жылға салықтан босату сынды жеңілдіктер қарастырылған", – деп атап өтті ол.

Айта кету керек, форум барысында ақылды қалаларда қолданылатын ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың дамуы мәселелері талқыланды. Астанадағы аталмыш форумға қатысып отырған халықаралық сарапшылардың қатарында – City SmartUp негізін қалаушы Ренато де Кастро, IDC ақылды қалалардың жаһандық бағдарламасының жетекшісі Ругби Кларк бар. Жалпы аталмыш шараға АҚШ, Еуропа, ТМД елдерінен 300-ден астам мейман келіп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу