"Қошқар ата" көлін залалсыздандыру жұмыстары тоқтап қалды

1434

"Қошқар ата" зиянды қалдықтар көліне қатысты тағы да шу шықты. Жергілікті жұрт жұмыстың басталмай жатып тұралап қалуына наразы. Бұған дейінгі шаруаларға да көңілдері толмайды. 

"Қошқар ата" көлін залалсыздандыру жұмыстары тоқтап қалды Фото: inform.kz

Күллі тіршілік иесіне қауіп төндіретін полигондағы залалды жою үшін республикалық бюджеттен 15,5 млрд теңге бөлінген. Алайда, 2021 жылы небәрі 1 млрды ғана игеріліп, жұмыс тоқтап қалды. Жергілікті жұрт жұмыстың шикілігі көп, төсеп жатқан топырақтың сапасы сын көтермейді - деп наразы.

"Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания көлдің айналасындағы шөп өсіп жатқан жерді күреп, көміп жатыр. Ал ол топырақтың өсімдік қабаты алынғаннан кейін ол жер шаңытып жатыр", дейді Мұнайлы аудандық қоғамдық кеңестің өкілі Дулат Шамшадинов.

Өңірде жыл он екі ай жел мен тұрақты түрде шаңды дауыл соғады. Салдарынан мұндағы улы топырақ желмен ұшып, қала мен ауылды басып қалады.

"Залалсыздандырудың мына әдісі көңілге күдік ұялатады. Сондықтан, біз құқық қорғау және құзырлы органдарға арызданатын боламыз. Экологтармен бірлесіп мұның қаншалықты жобаға сай екендігін анықтау қажет", дейді "Эко Маңғыстау" ҮЕҰ өкілі Кирилл Осин.

Улы қалдықтардың бетіне төселген топырақтың көкке көтерілуін жауаптылар уақытша құбылыс деп отыр. Нығыздау жұмыстары енді басталмақ.

Химиялық қалдықтар жинақтаған көлдің айналасындағы топырақ бүгінде үйінді болып жиналып, жолдарды жапты. Бірақ, мердігер мекеме өкілі бұл уақытша құбылыс екенін айтады. Алдағы уақытта техникалар нығыздау жұмыстарын жүргізеді. 

Жергілікті билік болса, жасалған жұмыстардың ұдайы бақылауда екендігін ескертеді. Мердігер ақысын нәтижесіне қарап өтемек. Кемшіліктер анықталған жағдайда мердігер есебінен қайта жасалады. Ал жоба алдағы жазда жалғасын тауып, жұмыстар екі жылда толық аяқталады деген жоспар бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу