Ковалев-Уорд жекпе-жегі "Хабар" телеарнасынан көрсетіледі

1054

Ковалев-Уорд жекпе-жегі "Хабар" телеарнасынан көрсетіледі

"Хабар" телеарнасы 20 қараша күні таңғы сағат 9-да тікелей эфирден жартылай ауыр салмақ санатында өнер көрсететін Сергей Ковалев пен Андре Уорд арасындағы WBA Super, IBF, WBO титулдары үшін жекпе-жекті көрсетеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Жұдырықтасу АҚШ Невада штатының Лас-Вегас қаласындағы "T-Mobile Arena" спорт аренасында өтеді.

"Сөз жоқ, бұл кездесу – көптен күткен бокс жекпе-жектерінің бірі, кейбіреулер онжылдықтың басты спорт оқиғасы деп те айтады. Екі спортшы да – мықты боксшылар, сондықтан жұдырықтасудың немен аяқталатынын болжау қиын. Яғни көрерменді қызықты жекпе-жек күтіп тұр деген сөз, екі боксшы да өз шеберлігін барынша көрсететін болады", – деп ой бөлісті "Хабар" телеарнасының спорт продюсері Асқат Жақаев.

Сергей Ковалев – 33 жастағы ресейлік кәсіпқой боксшы. WBA Super, IBF, WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы. 2014жылы The Ring, WBO, Sports Illustrated, USA Today журналдарының нұсқасы бойынша үздік боксшы атанды. Лақап аты – Krusher (ағылшын тілінен аударғанда "Талқандаушы").

"Бұл жекпе-жек – екеуміз үшін де кімнің күшті екенін дәлелдейтін керемет мүмкіндік. Мен сияқты Уорд та жеңу үшін барын салатынына сенімдімін. Менің стратегиям – оны қалай болса да жеңу. Ол менің мақсаттарым мен армандарыма апарар жолда тұр, сондықтан күресуім керек. Оны қиратқым келеді",- дейді Сергей Ковалев.

Андре Уорд – 32 жастағы американдық кәсіпқой боксшы. WBA, WBC, The Ring нұсқасы бойынша екінші орта салмақта әлем чемпионы. 2004 жылы кәсіпқой бокста өнер көрсете бастады. Лақап аты – S.O.G ("Son of God" – ағылшын тілінен аударғанда"Құдайдың ұлы").

"Дайын болыңыздар, өйткені мен дайынмын. Көрермендерге сұрағанын береміз" – деді Уорд.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу