Қарақия ауданында 2021 жылдан бері жүзеге асып жатқан жобаның жалпы құны – 11 млрд теңгеден астам. Соның 6 млрд теңгеден астам қаржысы игерілді. Ұзындығы 64 шақырымдық жол 2 елдімекенді жалғайды әрі Жетібайдан Құрық теңіз портына тіке қатынауға мүмкіндік береді. Яғни, халықаралық көлік дәлізі деуге болады.
Күрделі жөндеу аяқталған соң Өзбекстан, Ресейден келетін транзит жүк тасымалының бұрынғыдай Ақтауды айналмай-ақ су айлағына тіке бағытта жетуіне мүмкіндік береді. Өз кезегінде, жүк көліктері 120 шақырымды үнемдейді.
Жол құрылысына мердігер мекеменің өз қызметін сапалы атқарылуын ұлттық орталық инженерлері бақылауға алған. Құрылыс материалдары мен жол өлшемдерінің техникалық жобаға сай болуын жылжымалы зертхана көмегімен тексереді.
"Автомобиль жолын диагностикалау жұмыстарын негізінен осы көлікте отырып атқарамыз. Бұрын қол жұмыстарымен жасалатын болғандықтан, далада бірнеше апта жүруге тура келетін. Қазір сандық үлгедегі техника 100 километр жолдың 4 сағат ішінде еңсеруге мүмкіндік береді. Жылжымалы зертхана бірнеше камерамен жабдықталған. Лазерлі қондырғылар жол белгілері мен аялдамалардың да дұрыс орналасуын жедел анықтап береді. Барлық дерек бірден базаға жүктеледі. Мердігердің кемшілігін дер кезінде түзетуге септігін тигізеді",– дейді "Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы" республикалық-мемлекеттік кәсіпорнының инженері Мерей Әлиев.
Жоспар бойынша биыл 40 шақырым жол төселіп, соның Жетібайдан басталатын 24 километрі қолданысқа беріледі. Қалған бөлігін келер жылдың ортасына дейін аяқтау күн тәртібінде тұр.
Құрылысшылар Құрық ауылынан шығатын айналма жолды да 2024 жылдың соңына дейін салып бітіруге уәде беріп отыр. Келешек "Құрық-Жетібай" трассасы ашылғаннан кейін де жай-күйі мамандардың жіті бақылауында болады.