Олардың атылғаны белгілі болды. Өлген иттер Газель көлігімен екі рет тасымалданған,-деп жазады Inbusiness.kz тілшісі. Өлекселер жатқан жерге барған арнайы комиссия осыны анықтады.
Жайрап жатқан ит өлекселері жиналып, Мұнайлы ауданындағы арнайы қорымда жойылды. Орны залалсыздандырылған.
"Ақтау қаласынан 50 шақырым орналасқан Қарақия ойпаты аумағына белгісіз біреулер 29 иттің өлексесін ашықтан ашық тастап кеткен. Оның қауіптілігі жоғары. Олар шіріп, түрлі инфекция таратуы мүмкін. Жайылған үй жануарлары, құстар тасымалдаушы болуы мүмкін. Сондықтан да осыншама итті қырған адамдар жауапқа тартылуы тиіс",- дейді эколог Кирилл Осин.
Қазіргі уақытта заңбұзушылықты жасаған тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Іс Мұнайлы аудандық ІІБ тіркелді.
"Мұнайлы, Қарақия аудандары мен Ақтау қаласының ветеринарлық станция мамандары иттерді тек шприцпен жояды. Онда да тұрғындардың арызы бойынша жасалады. Өйткені иесіз иттер адам денсаулығына, мал, құс сияқты жеке мүлкіне зиян тігізгенде шара қолданамыз. Соңғы кездері иесіз ит, мысыққа панажай салу мәселесі көтеріліп келеді. Бізде Бейнеу ауданында бар. Облыс бойынша тағы 7 панажай салу жоспарланған. Жануарлар 10-15 күн қарауға алынады, сонан соң дәрі егіліп босатылады",- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Бердібек Марқабаев.
Иттерді жаппай қыру жағдайы Маңғыстауда алғаш рет тіркелген жоқ. Осыдан 2 жыл бұрын Түпқараған ауданында біршама иттің өлекселері табылған болатын.