Кенесары ханның бас сүйегі Санк-Петербургтегі "Эрмитаж" мұражайында тұрғаны рас па? Оны көзімен көрген қазақ бар ма, өзі? Жалпы қазақтың соңғы ханының басын сол жақтан елге қайтару мәселесі не болып кетті? Бұған қазір істі болып жатқан Кәрім Мәсімовтің қатысы қанша? Осы сұрақтардың бәріне "Сұрауы бар" youtube арнасына сұхбат берген танымал тарихшы Жамбыл Артықбаев жауап берді.
"Кенесарының басы сол "Эрмитаж" жанындағы кунсткамерада тұр-ау деп ойлаймын. Ол Петр І заманында салынған құрылыс, тас жертөлесі бар. Қазаққа қатысты біраз деректер сонда тұр. Оның сол жақта тұрғанына ешқандай дау жоқ. Өйткені Ресейде империя болғаннан кейін өзіне тән бір әрекеті бар. Ол – өзіне тәуелді елдердің үлкен тұлғаларының бастарын жинау. Онда тек қазақ – Кенесары ғана тұрған жоқ. Украиндар да айтып жатыр, өздерінің атақты Гетмандары тұр. Ресей өзінің империялық пиғылынан қайтқан жоқ. Сондықтан Кенесарының басы таяу уақытта беріледі деп ойламаймын", – дейді профессор.
2016 жылы премьер болған кезінде Кәрім Мәсімов Кенесарының басын қайтаруға келісім жасағанын мәлімдеген. Бірақ оның арты білгісіз болып кетті. Жамбыл Артықбаев Кәрім Мәсімов бұл ісі арқылы қазаққа жағынғысы келгенін айтады. Әйтпесе, ол Кенесары хан жайлы зерттемек түгілі, оқыған адам емес.
"Бізде көп нәрсені популизмге айналдырып жібереді. Хылыққа жағыну үшін белгілі бір адамдар шығады да мен осындай істеймін дейді. Ұлттық кұндылықтарды ешқандай ақшамен, билікпен есептеуге болмайды. Ал бұлар билік пен атағын шығару үшін неше түрліні жасайды. Бұл да содан туған пиғылма деймін. Өйткені Мәсімов өмір бойы Кенесарыны зерттеп өткен адам емес. Біреулер оған айтты ғой. Тарихтан кішкене хабары барлар. Кенесарыны әкеп беремін десеңіз сіз қазаққа жағасыз деп. Ол Абай туралы да кітап шығарды. Бізде дайын тұрады ғой көмектескіштер", – дейді Жамбыл Артықбаев.