Оқушылар апатты мектептерде білім алып жүр

419

Түркістан облысында 121 мектеп тез арада күрделі жөндеуді немесе қайта салуды қажет етеді.

Оқушылар апатты мектептерде білім алып жүр Фото: Ашық дереккөз

Аталған білім нысандарының дені өткен ғасырдың ортасында салынған. Жаңасы жоқ болғасын көптеген ауыл балалары әлі күнге 60-70 жыл бұрын іргетасы қаланған ескі ғимараттарда сауат ашуға мәжбүр. Тіпті кей жерлерде кезінде 25 балаға арналып тұрғызылған балабақша ғимаратында 200-ден астам бала білім нәрімен сусындап жүр. 

Бұл Жетісай ауданына қарасты Алтынкемер ауылындағы мектеп. Өткен ғасырдың 80-жылдары 25 балаға арналып салынған балабақша ғимаратында қазір 200-ден астам оқушы қысылып-қымтырылып білім алып жүр. Мұнда оқушылар үшін мүмкіндіктер мүлдем аз. 

"Қысқы мезгілде киім шешетін жеріміз жоқ. Парталардың қойылуы СЭС талабына сай емес. Бір-біріне жақын отырады. Коридорымыз кең емес химия-биология кабинеттеріміз жоқ. Спорт залымыз жоқ. Асханамыз ештеңеміз жоқ ыңғайсыз", – дейді ұстаз Асқар Балтаев. 

Ауыл мектебінің аянышты жағдайын айтып тұрғындар талай жерге шағымданған. Бірақ, нәтиже жоқ. Тек қана жұрт жиі шулап, арыз жазса билік жылы сөйлеп, сырғытпа жауап қатып қоятын көрінеді.

"Айтып отырмын ғой балабақша. Балабақша болғаннан кейін не болады ол? 25 балаға арналған. Ал, бұл жерде 220 бала оқып жатыр. Мен түсінбеймін қалай оқып жатқанын. Қашанғы шыдаймыз? Біздің балалар да жұрттың балалары ұқсап күн көруі керек қой", – деді ауыл тұрғыны Болатбек Шекербеков.

Ал, Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты Сарыарқа жалпы орта мектебі былтыр апатты деп танылған. Бірақ соған қарамай бұл жерде әлі күнге балалар білім алып отыр. Едендері отырып, қабырғалары қақырап тұрған білім ошағының қыста жылуы да мәз емес. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ. Өйткені, өңірде жағдайы бұл мектептен де нашар білім ошақтары баршылық.  

"Бұл мектептер 1936-жылдары салынып арасында жөнду көрмеген мектептер әбден тозған. Біз келесі жылға 51 мектепті жөндеуге ұсынып отырмыз. Қалғандарын 2025 жылға қарай ұсынамыз. Осы аталған білім нысандары республикалық бюджеттен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуі қажет етеді", – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.

Келер жылы 51 мектепті салу үшін берілген ұсыныстың қаншалықты қолдау табары әзірге белгісіз. Сондықтан мыңдаған оқушының әзірге тар сыныптарға тығылып, білім ала тұруларынан басқа амалы жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу