Өрт сөндірушілер де тұрғын үй төлемдерін ала алады

109

Яғни, қызметтік пәтерді жекешелендіруге болады.  

Өрт сөндірушілер де тұрғын үй төлемдерін ала алады Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Парламент Мәжілісі азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін алуға мүмкіндік беретін заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Бүгін Мәжілісте "Кейбір заңнамалық актілерге азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда қаралды.

Заң жобасында өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға тұрғын үй төлемдерін төлеу және қызметтік пәтерлерді жекешелендіру мүмкіндігін беру нормасы көзделген. Қызметтік тұрғын үй үшін төлемдер индексацияланады. Төлем мөлшері инфляция деңгейіне және нарықтық жағдайларға сәйкес қайта қаралып отырады.

Сонымен қатар, халық көп жиналатын объектілер мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде өртке қарсы бақылау жүргізіледі. Өрттің салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келген жағдайда халық көп келетін объектілердің иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі.

Бұдан бөлек, қауіпті өндірістік объектілерді, соның ішінде шахталарды, карьерлерді, қатты пайдалы қазбаларды өңдеу зауыттарын тексеруге қойылған шектеулер алынып тасталады. Мәселен, жаңа заңмен жоғары тәуекел санатына жататын барлық кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жылына бір рет, ал тәуекел дәрежесі жоғары санатқа жатпайтындарға үш жылда бір рет жүргізіледі. Енді субъектіге тексеріс туралы бұрынғыдай 30 күн бұрын емес, бір жұмыс күні қалғанда хабарланады.

"Сондай-ақ өңірлік төтенше жағдайлар департаменттеріне жергілікті деңгейде шешім қабылдау, ресурстарды жұмылдыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету өкілеттігі беріліп отыр. Бұл орталық аппараттан тәуелсіз әрекет етуге мүмкіндік беріп, апат немесе дағдарыс жағдайларында дербес әрі жедел шешім қабылдауға жол ашады", - дейді депутаттар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу