Павлодар қаласының басты көшесіне "Тәуелсіздік" беріледі

1813

 Павлодар қаласының басты көшесіне "Тәуелсіздік" беріледі

Павлодарда қаланың ең ұзын әрі кең Кутузов көшесін Тәуелсіздік даңғылы деп өзгерту бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Шаңырақ" орталығында өткен шараға жиналған халық өте көп болды. Сахнада сөз алған қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Александр Рюмкин барлық павлодарлықтарды осы бастаманы қолдауға шақырды.

"Мен жарты ғасырдан астам осы қалада тұрамын. 40 жыл бұрын құрылысы басталған Кутузов көшесі енді ғана өз мәресіне жетіп келеді. Сондықтан, Павлодарда тұңғыш даңғыл деген атауға осы көше лайық деп есептеймін. Ал, оны өзгерту бойынша бірнеше жылдар бойы мәселе көтеріліп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кутузов көшесін Тәуелсіздік даңғылы деп өзгеру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл – аса қастерлі ұғым. Біз жаңа заманның өкілдеріміз, сондықтан, қолдау бересіздер деген сенімдемін", - деді Александр Рюмкин.

Өз кезегінде "Нұр Отан" партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нәйля Ахметова Павлодарға даңғылдың керектігін атап өтті.

"Біздің даңғылымыз ең атаулы, ең салмақты Тәуелсіздік атауына лайық болу керек, - дейді Нәйля Ахметова. – Павлодарда көшені өзгертер алдында әр мәселені таразылап, талқылап барып іске кіріседі. Тарих өткенге кетіп жатыр. Бірақ, осыған дейін болған көшелердің ешбірі ұмытылмайды. Біз болашаққа қарауымыз керек. Жаңа атауды жұртшылық қолдайды деген үміттемін".

Айта кетейік, қоғамдық тыңдау кезінде көшені ауыстыруға қарсылық білдіргендер де болды.

Гагарин көшесі, 42/1 үйінің тұрғыны Елена Ведерникова "Ресей әскербасшысының" есімі Павлодарда қалу керек деп есептейді. Алайда, бұл пікірден кейін залдағы халық наразылық таныта бастады. Шара соңында қоғамдық тыңдауға қатысқан қалалық мәслихат депутаттары Кутузов көшесін Тәуелсіздік даңғыны деп ауыстырғуа бір ауыздан келісім берді.

Қалалық әкімдікте атап өткендей, қоғамдық тыңдауда айтылған әр пікір хаттамаға тіркеледі. Хаттама жеті күн ішінде БАҚ-та және ресми интернет ресурстарда жарияланады. Қажетті құжаттар ономастикалық комиссияға жолданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу