"Самұрық Қазына" биылғы І жартыжылдықта 10,4 трлн теңге қарыз алған

723

Бүгін "Самұрық-Қазына" алаңында Экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтеповтың баспасөз брифингі өтті, деп жазады inbusiness.kz. Ол сондай-ақ компанияның қарыздары туралы мәлімет берді.

"Самұрық Қазына" биылғы І жартыжылдықта 10,4 трлн теңге қарыз алған Фото: azattyq-ruhy.kz

"Самұрық Қазына" компаниялар тобының 2022 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қарыздар сомасы 10,376 трлн теңгені құрайды. Оның 6,185 трлн теңгесі сыртқы қарыздар, 4,191 трлн теңге ішкі қарыздар. Қарыздардың 51%-ы АҚШ долларымен алынған. 41% теңгемен алынған. Қордың Ресей рублімен алған қарыз сомасы 6%-ды құрайды.

Мират Өтеповтың атап өтуінше қарыздың болуы теріс фактор емес және жеткілікті кірісі бар компания үшін қарыз – тиімді құрал.

"Қарыз – көптеген компаниялар қолданатын бизнесті кеңейту құралдарының бірі. Компанияның қаржылық тұрақтылығы қарызына қарап емес, тапқан пайдасына қарап айқындалады",  дейді Қор өкілі.

Оның айтуынша, "Самұрық-Қазына" қарыздарының EBITDA (компанияның кірістілігін талдау үшін қолданылатын қаржылық көрсеткіш) қатынасы 2022 жылы 1,98 құрады. Әлемдік стандарттарға сәйкес бұл көрсеткіш 3,5 және одан төмен мәнде қалыпты болып саналады.

Айта кету керек, "Самұрық-Қазына" қарыздарының EBITDA қатынасы 2021 жылы 2,3 болған.

Мират Өтепов сонымен қатар, Американдық S&P агенттігінің "Самұрық-Қазына" кредиттік рейтингісін "тұрақты"-дан "BBB-" "теріс" қалыптасуына байланысты да түсініктеме берді.

Оның айтуынша, "Самұрық-Қазына" елдің стратегиялық активтерін іс жүзінде бақылайтындықтан және оның жалғыз акционері Қазақстан Үкіметі болғандықтан, рейтинг агенттіктері форс-мажор жағдай болған кезде Қорды мемлекетпен байланысты субъекті ретінде қарайды. "S&P"-дің Қорға қатысты болжамының "тұрақты"-дан "теріске" өзгеруі Қазақстанның егемендік рейтингінің төмендеуіне байланысты", деді Мират Өтепов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу