"Шұбаркөлге" жапондық заманауи экскаватор жеткізілді

1021

Кен орнына 2019 жылдың аяғына дейін тағы бір дәл осындай экскаватор алу жоспарлануда. Жаңа техника екі ескі техниканың жұмысын бір өзі-ақ істей алады. 

"Шұбаркөлге" жапондық заманауи экскаватор жеткізілді

Қарағанды облысындағы "Шұбаркөл" кеніне Hitachi компаниясының жоғары қуаттылықтағы EX1900-6 (LD) гидравликалық экскаваторы жеткізілді. Ол инвесторға 833 миллион теңгеге түсіпті.

Бұл заманауи экскаватор елімізде қолданылатын ЭКГ маркалы ескі машиналардың орнына келіп отыр.

Ресейдің "Уралмаш" зауытында жасалатын ЭКГ (атауы "экскаватор карьерный, гусеничный" деген сөздерден құрала салған) машиналары хитачидің экскаваторларына көп жағынан жол беретін көрінеді.

"Оның бірден бірнеше артықшылығы бар. Тек бастыларына тоқталсақ, пайдалануда қолайлы, әрі өнімділік көлемі екі есеге үлкен. Яғни, жаңа техника екі ескі техниканың жұмысын бір өзі-ақ істей алады. Бұдан басқа, осы экскаваторға тек жалғыз машинистің өзі қызмет көрсете береді, арнайы бригада қажет емес. Бұл экскаваторлар әлемнің әр түкпірінде пайдалану жылдарында өзін жақсы жағынан көрсеткен және уақыттың сынағынан өткен модельдер негізінде жасалыпты. Олар қозғалыс қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы барлық заманауи талаптарға жауап береді. Техникалық талаптарға сәйкес келеді. Бұл барлық жоспарламызды іске асыруға көмектесетін сенімді жабдық", – дейді "Шұбаркөл көмір" АҚ тау-кен өндірісі басқармасының бастығы Болат Жакенов.

Қазақстан әлемдегі озық технологиялар арқылы отандық кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, өнімділігін арттыруға және өндірістің өсуіне тағы бір қадам жасауда.

Жаңа экскаваторлардың техникалық сипаттамаларына тоқталсақ, оның толық салмағы 191 мың келі тартады. Биіктігі 3 қабатты үйге жуықтайды – 7 метрдей. Сағатына небары 2,8 шақырымдық жылдамдықпен қозғалады. Шөміші бір көсегенде 11 текше метр кенді көтереді. Бір "суарылғанда" отын багына 4 мың 140 литр дизель сияды.

Ол өндірістік карьерлерде жұмыс істеуге және көп көлемді қарқынды жер жұмыстарын орындауға арналған. Оператор жұмысының қолайлылығы және өте жақсы жұмыс көрсеткіштері – барлығы осы модельде соңғы инженерлік зерттемелердің арқасында іске асырылған. Техника жоғары қуат, зор жұмыс көлемдерімен қатар, өндіру мен тиеудің ең жоғары өнімділігін қамтамасыз етеді.  

Қазақстанды қыста жақсы жанатын көмірмен жабдықтайтын осы кен орнына 2019 жылдың аяғына дейін жапондық тағы бір дәл осындай экскаватор сатып алу жоспарлануда. Өзге кен орындары да көнерген техникаларын жаңартуды қарастыруда.

Қалай болғанда, еліміз өз кен орындарындағы техникасын әртараптандырып, ресейлік машина жасау өнеркәсібіне деген тәуелділіктен кетуге тырысып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу