Солтүстік және Орталық Азияның көпжақты форумында өзекті мәселелер талқыланды

730

Тұрақты даму саласындағы мақсаттарды (ТМД) жүзеге асыру жөніндегі Солтүстік және Орталық Азияның көпжақты форумы өтті.  

Солтүстік және Орталық Азияның көпжақты форумында өзекті мәселелер талқыланды

Жігерлі жастардың, үкімет өкілдерінің және даму саласындағы мүдделі тараптардың тобы дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру және даму саласындағы өсіп келе жатқан сын-қатерлер тұсында неғұрлым тұрақты болашақты құруға қатысты өз үміттерімен бөлісу үшін осы аптада Тұрақты даму саласындағы мақсаттарды (ТДМ) жүзеге асыру жөніндегі Солтүстік және Орталық Азияның көпжақты форумында жиналды.

Форумды аша отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (АТМЭӘК) атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана ханым COVID-19 дағдарысының көптеген әлеуметтік-экономикалық секторларға өзара байланысты әрі жиынтық әсерін атап өтті. Солтүстік және Орталық Азия әсіресе ауыр зардаптарға ұшырауы мүмкін, себебі АТМЭӘК болжамы бойынша, 2020 жылы ЖІӨ өсу қарқынының төмендеуі 7 пайыздан аспақ. Індет әсіресе халықтың осал топтары арасындағы әлеуметтік теңсіздікті арттыра түсті.

"2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін кепілді түрде жүзеге асыру үшін үкімет пен барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігерімен әлеуметтік, экономикалық және экологиялық секторларда саясат әзірлеу қажет", – деді Алишахбана ханым.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының экс-Бас хатшысы Ж.М. Рашид Алимов мырза өзінің құттықтау сөзінде: "Ағымдағы дағдарыстан дұрыс сабақ алу, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы, азық-түлік қауіпсіздігі мен биоқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық әлеуетін жұмылдыру маңызды", – деп атап көрсетті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығы құрметіне Форум шеңберінде ТДМ-ге жету үшін қалған соңғы онжылдықта ортақ болашақты қалыптастыру мәселелері бойынша көрнекті қайраткерлер мен жастар арасында жоғары деңгейдегі диалог өткізілді. Жастар Солтүстік және Орталық Азия халқының 28,5 пайызын құрайды және неғұрлым тиімді қалпына келтіруді жақтайтын мүдделі тараптардың негізгі топтарының бірі болып табылады.

"Коронавирустық инфекция індетімен байланысты дағдарыстық жағдайлар білім беру мен ғылымда айтарлықтай өзгерістерге әкелді, бірақ біз оларды даму мүмкіндігі ретінде қарастырамыз. Індет кезінде біз осал санаттағы балаларға басым назар аудардық. Ерекше қажеттіліктері бар, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар қашықтықтан білім алу салдарынан зардап шекпеуі керек. Қазір білім беру саласындағы саясатты нақтылап, ең осал санаттарды білім беру аясына неғұрлым жақын әрі табиғи түрде қосу үшін инклюзивті мүмкіндіктер жасау уақыты келді. Қолдау оқушылар мен мұғалімдерге қалай қажет болса, ата-аналарға да солай қажет. Министрлік пен басқару органдары барлық жағдайды жасауға тырысуға тиіс. Ешкім назардан тыс қалмауы керек", – деді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ж.М. Асхат Аймағамбетов мырза.

"COVID-19 СОА-дағы барлық адамдарға кері әсерін тигізді, алайда біз оның ерлер мен әйелдерге әсерін бөлек қарастырып, тиісті саясат шараларын әзірлеуіміз керек. Менің ойымша, іс-шараларды әзірлеу кезінде ауылдық аймақтардағы ұлдар мен қыздарға ең көп көңіл бөлінуі керек", – деді Қырғызстандағы Әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту қорының негізін қалаушы Асель Кубанычбекова ханым.

COVID-19 дағдарысы бизнесті әдеттегі түрде жүргізудің осалдығын көрсетіп, түрлендіру мен Солтүстік және Орталық Азияны неғұрлым тұрақты, инклюзивті және өмірге төзімді етіп құру үшін мүмкіндіктер берді. Осыған байланысты Форум қатысушылары ден қою, қалпына келтіру және ұзақмерзімді даму жоспарларына енгізілген стратегиялық шараларды қабылдау саласындағы озық тәжірибені талқылады. Олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдаумен қатар өңірлік экономиканы ынталандыру саласында өңірлік ынтымақтастық пен серіктестіктің маңызды рөлін атап өтті. Делегаттар адамдар мен ғаламшардың мүдделеріне басым көңіл бөле отырып, байланыс мүмкіндіктерін кеңейту, цифрландыру және инвестициялар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде келісімге келді.

АТМЭӘК тарапынан жыл сайын өткізілетін ТДМ жүзеге асыру жөніндегі субөңірлік форум мүдделі тараптардың көптеген топтары арасында барлығына ашық диалог жүргізуге мүмкіндік береді және даму саласындағы ағымдағы міндеттерге қатысты бірегей субөңірлік мүмкіндіктерді ашады. Осы жылы, сонымен қатар, бірқатар ұйым өңірдің даму саласындағы күш-жігеріне COVID-19 індетінің әсері туралы жаңа бастапқы зерттеулер нәтижелерімен бөлісті. Форум жұмысының нәтижелері 2021 жылғы Орнықты даму жөніндегі Азия-Тынық мұхит форумының басты тезистеріне негіз болып, сондай-ақ мүше мемлекеттерге ерікті ұлттық шолуларды (ЕҰШ) дайындауға және ТДМ жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу