Табиғат пайдаланушылары үшін айыппұл төлеген тиімді болып тұр

797

Сенаттың жалпы отырысында "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын талқыланды. 

Табиғат пайдаланушылары үшін айыппұл төлеген тиімді болып тұр

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін белгіленген ескіру мерзімін ұлғайту жөнінде түзету ұсынылғанын алға тартып, жеке тұлғаларға қатысты мерзімді 2 айдан 1 жылға дейін, ал заңды тұлғаларға 1 жылдан 3 жылға дейін ұлғайту көзделгенін жеткізді. 

"Негізі профилактикалық тексеру жылына бір реттен көп өткізілмейді. Сонын салдарынан тексеріс кезінде бір немесе одан көп жыл бұрын жасалған заң бұзушылығы анықталған кәсіпорындар тиісті жазадан құтылып кетіп жатады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір ірі кәсіпорындар жүйелі түрде жыл сайын бір заң бұзушылыққа бірнеше рет жол береді. Осыған орай заң жобасында 3 жылдың ішінде экологиялық заңнаманы жүйелі бұзатын ірі кәсіпорындарға қатысты неғұрлым қатаң жаза қолдану қарастырылған", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің мәлімдеуінше, жоғарыдағы талап қолданыста бар, бірақ ескіру мерзімі бір жыл болғандықтан рецидив институты іске аспайды. Бұл өз кезегінде ірі кәсіпорынды жүйелі заң бұзушылық жасамауға ынталандырмайды. Осыған байланысты, мерзім 3 жылға дейін ұзартылды.

"Қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқықбұзушылық үшін белгіленетін айыппұлдарды ұлғайтуға табиғат пайдаланушыларының қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бойынша шараларды толыққанды орындамауы және қажетті модернизацияны жүзеге асырмауы басты себеп болды. Қазіргі әкімшілік айыппұлдар ынталандыру тетігі бола алмай тұр. Бір сөзбен айтсақ, табиғат пайдаланушылары үшін құқықбұзушылық пен жіберген олқылықтарды жоюдын орнына айыппұл төлеу әлдеқайда тиімдірек. Сол себепті экологиялық заң бұзушылықтар үшін санкцияларды қатаңдату көзделеді. Мысалы, қоршаған ортаға нормативтен тыс және рұқсатсыз эмиссиялар үшін әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есе, ал қалған құқық бұзушылықтар бойынша орта есеппен 2 есе ұлғаяды", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу