Тауар белгісін заңсыз пайдаланғандардан өндірілетін өтемақы көлемі ұлғаяды

1392

Тауар белгісін заңсыз пайдаланғандардан өндірілетін өтемақы көлемі ұлғаяды

Бүгін Астана қалалық әділет департаментінде "Зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толқытырулар енгізу туралы" ҚР заңының жобасын талқылауға арналған қоғамдық кеңес өтті.

"Заң жобасы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру, ғылыми-техникалық прогресс пен еркін бәсекелестікті дамыту, құқықтық кемшіліктерді жою, әкімшілік кедергілер туындататын нормаларды алып тастау мақсатында қабылданбақ. Бұл құжатты ведомствоаралық жұмыс тобы әзірледі. Оны дайындау барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму  ұйымы елдерінің тәжірибесі ескерілді", - дейді аталған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған қалалық әділет департаментінің бас маманы А.Сибағатова.

Оның атап өтуінше, заң жобасын қабылдау үшін 12 нормативтік-құқықтық актіге өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін болады. Олардың қатарында Азаматтық кодекс, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекс, Кәсіпкерлік кодексі,  "Авторлық және аралас құқықтары туралы", "Мемлекеттік сатып алулар туралы", "Әділет органдары туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңдар бар.

"Әдебиет, ғылым және өнер шығармаларының авторлық құқықтары бұзылғаны үшін автор сот тәртібімен 100-ден 150 мың АЕК-ке (бүгінге 1 АЕК –  2121 теңге - автор ) дейін немесе шығарма данасының құнының екі есе көлемінде өтемақы өндіріп алуға құқы бар. Дегенмен, заңнамада құқық иеленушінің тауар белгісін заңсыз иеленгені үшін кепілдендірілген көлемде өтемақы өндіріп алу құқығы қарастырылмаған", - деді ол.

Бас маманның айтуынша, өзгенің тауарлық белгісін заңсыз пайдалану жосықсыз бәсекелестің бір түрі саналады және ол зияткерлік меншік саласындағы кеңінен таралған бұзушылыққа айналған. Осыған орай  жаңа заң жобасында Азаматтық кодекс мен "Тауар белгілері туралы" Заңға тауар белгісі иесінің сот тәртібімен өзінің тауар белгісін заңсыз орналастырғандардан 500-ден 10 мың АЕК-ке дейін немесе тауар құнының 2 есе көлемінде өтемақы өндіріп алу құқығын беру нормасын енгізу ұсынылып отыр.

ҚазАқпарат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу