Бас банк "Эксимбанк Қазақстан"-ды мәжбүрлеп тарату үшін сотқа жүгінеді

1037

"Эксимбанк Қазақстан" пруденциялық нормативтерді, нормативтік құқықтық актілерді жүйелі түрде бұзған, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамаған.

Бас банк "Эксимбанк Қазақстан"-ды мәжбүрлеп тарату үшін сотқа жүгінеді

ҚР Ұлттық банкі "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ны банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге арналған лицензиясынан айырады, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 172 қаулысына сәйкес "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ны банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге 2017 жылғы 18 қаңтарда берген № 1.2.48/232 лицензиядан 2018 жылғы 28 тамыздан бастап айыру туралы шешім қабылданды.

Шешім қабылдауда бас банк "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1-тармағының г), з), м-1) тармақшаларын негізге алады.

Яғни, "Эксимбанк Қазақстан" пруденциялық нормативтерді, нормативтік құқықтық актілерді жүйелі түрде бұзған, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамаған деп танылған.

Ұлттық банкі төрағасының бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған банктің барлық басқару органының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік сот тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жұмыс істейтін болады.

ҚР Ұлттық банкі заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен жүгінеді.

Сот мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап банкті ұстауға жұмсалған ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, кредиторлардың банкке талаптары тарату ісінде ғана ұсынылады.

Банк жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы, осыған байланысты, депозиторларға белгіленген тәртіппен кепілдік өтемақысы төленетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу