Жамбылда құмар ойынның кесірінен қылмыс жасағандар саны өскен

596

Жамбылда 5 жылдың ішінде құмар ойынның "құрбанына" айналып, тіпті қылмыс жасағандар саны көбейген.

Жамбылда құмар ойынның кесірінен қылмыс жасағандар саны өскен Фото: dauletten.kz

Дерекке сүйенсек, есепті кезеңде 42 қылмыс тіркелген. Оның 38-і сотқа жолданыпты.

"Құмар ойынның кесірінен қылмысқа барғандардың көпшілігі – Тараз қаласының тұрғындар. Ойыннан басталған опық жегізерлік жағдайдың 17-сі осы облыс орталығында орын алып отыр. Ал Шуда – 9, ал Қордай ауданында 6 факт анықталған", - дейді облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Данаев.

Ойын бизнесінде онлайн-казино сайттар құмар ойындарға тартудың негізгі көзіне айналған. Мамандар бәс тігетін ойындарға психикалық тұрғыда тәуелді болып қалғандар онлайн ойынды місе тұтпай кейін түнгі казиноларды жағалай бастайды дейді.

Тараздық З.Иранбекқызы құмар ойын отбасын ойран еткенін айтады. "Күйеуім күнделікті үйге әкелетін табысын құмар ойындарын ойнап тауып жүргенін білген жоқпын. Бірте-бірте отбасымызға келер кіріс азайды. Бәске үйді тігіп, көлігін сатып жіберген соң, ішкілікке салынды. Қол көтеретінді шығарды. Берекеміз кетті. Ақыры ажырасып тындық", - дейді ол.

Мамандар құмар ойынның құрбаны болғандарды тәуелділіктен құтқарып қалудың бір мүмкіндігі республикадағы арнайы емдеу орталықтары екенін алға тартады. Емдеу курсы 6 айды құрайды. Бір айдың ақысы 400 мың теңге екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу