Жасанды интеллектің қазақ тіліне бейімделуі үшін 1 жыл қажет

913

Нарыққа ChatGPT сынды жаңашылдықтар келгеннен кейін қазақ тілді аудиторияның жасанды интеллектке деген сұранысы айтарлықтай өскен. 

Жасанды интеллектің қазақ тіліне бейімделуі үшін 1 жыл қажет Фото: ашық дереккөзден

Жасанды интеллектің қазақ тіліне бейімделуі үшін 1 жыл қажет. Сала мамандары осы уақыт ішінде көптеген IT-компаниялар мемлекеттік тілдегі сапалы стартап жобаларын таныстырады деген болжам жасап отыр. Нарыққа ChatGPT сынды жаңашылдықтар келгеннен кейін қазақ тілді аудиторияның жасанды интеллектке деген сұранысы айтарлықтай өскен. 

Әділхан Мусиннің Ed -технология саласында жүргеніне 10 жылдан асқан. Кейінгі жобалары жасанды интеллектті жан-жақты пайдалануға мүмкіндік ашыпты. Мәселен, мына түрлі салалардан даярлық курсын өтуге арналған виар-көзілдірік арқылы жасанды интеллектпен тілдесіп, жоқ затты ұстап көруге болады. Ұшқыш болсаң, қайда қонып, қалай тоқтау қажеттігін үйретеді. Маманның ендігі мақсаты виртуалды технологияны қазақ тіліне бейімдеу. 

"1 жылдың ішінде жобамызды бітіріп, жаңа жобаларды қазақ тілінде жарияласақ па деген үміттемін. Таза қазақ тілінде жасалған жасанды интеллект әзірге жоқ. Менің ойымша, біз неғұрлым көп қазақ тілінде жасанды интеллектпен контактке кірсек, соғұрлым оның қазақ тілі де дамиды. Өйткені, жасанды интеллекттен қаншалықты көп сұрақ алса, әртүрлі жауап берсе, сол тілді дамыта бастайды", - дейді ED-tech саласының сарапшысы Әділхан Мусин.

Сарапшылардың сөзінше, заманауи технологиялардың қазақ тіліндегі нұсқасын көбейту үшін сұраныс қажет. Бүгінде соны дүниелердің бәрі алдымен орыс тіліне, содан кейін ғана қазақшаланып жатады.  Ал аудитория бұл уақыт ішінде орыс тіліндегі контентті пайдаланып үлгереді. Сол себепті нарықтағы жаңа өнім мен мағлұматтың қазақ тіліне аудару процесін тездету керек екен. 

"Жасанды интеллект құралдарының бірі ChatGPT-ден қазақ медиасы жаңа трендтер мен жасанды интеллектке дайын ба?- деп сұрағанымда, әрине,дайын,- деп жауап берді. Расында телебағдарламалар, фильмдер және веб-сериалдар сияқты қазақтілді медиа өнімдер YouTube желісінде жақсы танылып жатыр. Тіпті ChatGPT-дің өзі де қазақ тіліндегі медиа-контентті қолдауға дайын екендігін байқадым", - деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм.

Бүгінде медиа саласындағы қазақ тілді контенттің үлесі 85 пайызға жуықтады. Ақпарат министрлігі енді мемлекеттік қана емес, жекеменшік арналар мен басылымдардың да мемлекеттік тілде  ақпарат таратуын қадағаламақшы. Оған қоса онлайн сервистерді қазақ тіліне көшіру  жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, жақында ғана қазіргі кездегі ең танымал платформа Тиктоктың интерфейсі қазақ тіліне аударылды. Ендігі мақсат Метагруп өнімдері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу